Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жолдауды жүзеге асыру: дүкен сөрелерінің жартысын қазақстандық тауарлар алады

25 Тамыз 2025, 08:54
551
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында Үкімет ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау шараларын жүйелі түрде жүзеге асыруда, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылдың мамыр айында тауарлардың шыққан елін анықтау мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізілді. Бұл қадам импорттық өнімдерге әділ бақылау орнатып қана қоймай, отандық тауарлардың нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге, отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып жатыр. Бұл тізілімге енгізілген компаниялар мемлекеттік қолдау шараларына, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға жеңіл қол жеткізетін болады.

Ел дүкендеріндегі сөрелердің кемінде 50%-ын қазақстандық тауарлар қамтуы тиіс деген жаңа бағдарлама іске қосылды. Бұл тұтынушыларға сапалы әрі қолжетімді отандық өнімді көбірек таңдауға жол ашады.

Сонымен қатар, сапасыз және қауіпті өнімдердің ел нарығына енуін болдырмау мақсатында бақылау күшейтілді.

Барлық бақылаушы органдардың қатысуымен Ахуалдық штаб тиімді жұмыс атқаруда. 47 мыңнан астам көлік тексерілді, тауарлық салмақта бұл 600 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімдері. Оның ішінде 900-ден астам автокөлік кері қайтарылып, 1 мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттарының күші жойылды, - деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Министрдің айтуынша, бұл шаралар отандық өндірушілерді қолдап қана қоймай, халықты сапасыз тауардан қорғауға және ішкі нарықтағы әділ бәсекені қамтамасыз етуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы