Жаңа Қазақстан, азаматтық қоғам, әділетті жүйе құру ең алдымен нақты қадамдарды айқындаудан басталады деген ойын жеткізді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында елдегі түбегейлі өзгерістерге тиянақты тірек болатын нақты іс-шараларды, басым бағыттарды кезең-кезеңімен ұсынып, жүзеге асырылып келеді. Биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауда ауқымды экономикалық реформалардың жаңа пакеті жария етілді. Өткен жылы Жетісу облысы құрылып, өзінің бюджетін бекітіп, бағдарын түзді. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын айқындау барысында халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында облысымызға арнайы келген жұмыс сапары қорытындысы бойынша Президент жүктеген бірқатар келелі міндеттерді басты назарға алдық. Облыстың ерекшелігі мен мүмкіндіктеріне сай ішкі әлеуетін пайдалана отырып, бірқатар шаралар атқарылды, - Бейбіт Исабаев.
Соның нәтижесінде өткен жылы барлық негізгі мақсатты индикаторларды орындап, республикада 4-ші көрсеткішке қол жеткізілді. Биылғы 7 айдың қорытындысында экономикалық өсім 21,2% көрсетіп отыр. Дегенмен әлі де атқарылатын шаруа аз емес.
Жетісу обылысы – аграрлы аймақ. Сондықтан жер ресурстарын тиімді пайдалану өте өзекті. Ауқымды көлемдегі жерлерді иеленіп, бірақ ештеңе тындырмай отырған латифундистерге тиісті заң жүзіндегі шаралар қабылданып, пайдаланылмай жатқан жерлер қайтарылып алынып, халыққа беріле бастады.
Өткен жылы 128,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, биылғы жылдың өткен айларында 236 мың га жер қайтарылды. Енді осы суармалы жерлерді тиімді пайдалануымыз керек. Бұл ретте Президент биылғы Жолдауында су ресурстарының тапшылығы мәселесіне, соның ішінде су қорын үнемдеу, су шаруашылығы нысандарын жаңғырту проблемаларына ерекше тоқталды. Расында су шаруашылығы объектілерінің тозуы біздің өңірде де өзекті. Өңірде гидротехникалық құрылыстар мен суару желілерінің тозуы мен су шығынын азайту мақсатында қазір 9 су нысанында 25,6 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тағы 13-ін қайта жаңғыртуға құжаттар әзірленіп жатыр. Соның нәтижесінде 45 мың гектар жердің сумен қамтылуын жақсартып, айналымға 24 мың гектар жерді қосамыз деп межеленген, - деді өңір басшысы.
Алайда облыста 200,4 мың гектар суармалы жердің тек 9,1 мың гектарында су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл өте аз көрсеткіш. Дегенмен Ауыл шаруашылығы министрлігінің тамшылатып және жаңбырлатып суару құрылғыларын сатып алуға кеткен шығынды өтеу көлемін 50%-тен 80%-ке дейін ұлғайтуы шаруашылықтарға үлкен серпін беретіні анық.
Мемлекет басшысы айтқандай, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жоғары деңгейде өңделуін 70% жеткізу стратегиялық мақсатына үлес қосуға Жетісу өңірінің әлеуеті жетеді. Бұл шекара шебінде отырған біздің аграрлық аймақ үшін шикізаттық емес экспортты дамытуға берілген үлкен мүмкіндік. Дегенмен өңдеу саласындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің үлесі бізде әзірге 20% шамасында ғана. Осы іспен айналысатын 150 кәсіпорын бар. Соның ішінде қант қызылшасы толық көлемде өңдеуге жіберіліп, ақ қант шығарылады. Мәселен, Ақсу және Көксу қант зауыттарында биыл жалпы көлемі 62,7 мың тонна қант өндіріледі деп жоспарланған. Ал өңірдегі сүт өңдеу 30 %, ет өңдеу небары 4% шамасында. Сондықтан етті, астықты, жеміс-жидек пен көкөністерді тереңнен өңдеу біз үшін алдағы перспективалы бағыт болып отыр. Биыл «Үлкен жобалар» шеңберінде өндірістік үлгідегі тауарлы сүт фермасын құру үшін облыста 2 млрд. теңге бөлінді. Келесі жылдан бастап құс фабрикасы, етті бағыттағы мал шаруашылығы, көкөніс сақтау қоймасын салу сияқты жобалар қолға алынады. Осындай механизмдерді қолдану арқылы өңделген азық-түлікті ішкі және сыртқы нарыққа шығарудың көлемін, сапасын, тұрақтылығын қамтамасыз етеміз, әрі облыстың экспорттық әлеуетін ұлғайтамыз деген жоспар бар, - деді ол.
Президент ауылдағы шағын шаруашылықтарды дамытуға қолдау көрсететін «Ауыл аманаты» жобасына екпін түсіріп, оның келесі кезеңінің міндеттерін айқындады.
Биылғы жылы осы жоба шеңберінде біздің облысқа 3,2 млрд. теңге бөлінеді. Соның арқасында жетісулықтар ауылдық жерлерде шағын бизнестерін ашуды қолға алып жатыр. Халыққа жобаның бағыттары мен мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіру жұмыстарын жалғастырудамыз. Жетісу облысында аграрлық сектормен қатар индустриалды бағытты дамытудың оң қадамдары бар. Соның бірі - кен өндіру ісі. Өткен жылы жоғары маркалы кремний өндіретін «KazSilicon» зауыты қайта жаңғыртылып, жұмысқа кірісті. Темірді тікелей қалпына келтіретін «Электромарганец» зауытының бірінші кезеңі іске қосылды. Енді Кербұлақ ауданы аумағында Көксай тау кен байыту кешені жобасы қолға алынып жатыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде тау-кен саласына жеке инвестиция тартудың тиімділігін айтқан болатын. Сондықтан кен өңдеу өнеркәсіп саласының басым бағытының бірі ретінде дами береді, - деді Бейбіт Исабаев.
Жолдауда айтылғандай, соңғы 5 жылда жаңартылған энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өскен. Бұл орайда облыс құрылғалы бері «жасыл» энергия өндіру жобаларының қатарында қуаты 4,65 МВТ болатын «АлматыЭнергоПроджект» ЖШС-ның күн электр станциясы, 50 МВт-тық «Eneverse Kunkuat» серіктестігінің жел электр станциясы салынды. Биыл қолға алынатын 50 жобаның арасында да жел, су электр станцияларының құрылысы бар. Жетісу өңірінің табиғаты, су қоры, Жоңғар қақпасы бұл саланы одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Дегенмен қоғамдағы әр деңгейлі ресурстарды орнымен тұтыну, үнем мәдениетін қалыптастыру, оны жаңа құндылық ретінде енгізу баршамызға ортақ міндет болуы тиіс.
Мемлекет басшысы алдағы уақытта еліміздің транзиттік әлеуеті одан әрі ұлғайтылып, халықаралық дәліздердің маңызы артатынын айтты. Бұл «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы бар біздің облыс үшін экономикалық жағынан өте тиімді болмақ. Сол сияқты «Достық - Мойынты» темір жол құрылысының жобасына қозғау салынғаны да қуантты. Себебі бұл жобаның 320 шақырымы Жетісу облысының аумағынан өтеді. Оған тартылатын инвестицияның 38%, яғни 218 млрд. теңгесі Жетісу облысына тиесілі. Жобаны іске асыру барысында мыңдаған жетісулық тұрғын жұмысқа тартылып, өңір кәсіпорындары шығаратын тауарлар қазақстандық мамұнды арттыруға үлес қосады деп күтілуде. Осылайша еліміздегі саяси жаңғыру бағдарынан кейінгі аса маңызды қадам ретінде Мемлекет басшысы экономикалық өзгерістердің айқын жоспарын, нақты межелерін көрсетіп жберді. Бұл құнды құжатта айтылған мақсат-міндеттерді жергілікті жерде сапалы жүзеге асыруға өңірде барлық мүмкіндіктер бар. Ең бастысы оның қағаз жүзінде емес, халықтың көзбен көріп, қолмен ұстап көретіндей айқын нәтижелі болуы, - деді өңір басшысы.