2 және 5 пайыздық мөлшермен кімдер үй ала алады?

8 Қыркүйек 2021, 10:05
12907
Бөлісу:
2 және 5 пайыздық мөлшермен кімдер үй ала алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Жолдауда нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес деді. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр. Осы және басқа да сауалдардың жауабын білу үшін «Отбасы банкіне» хабарласқан едік. 

Естеріңізде болса, жыл басында «Біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына пайдалану қағидалары» туралы заң жобасы күшіне енген еді. Жолдауда айтылған дүние осының жалғасы ма?! Әлде жаңашылдық ене ме?

Осы бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жұмыс процесі қалай жүретін болады? Азаматтар бума-бума қағаз жинап, жүгіріп кетпей ме деген көкейде жүрген сауалдарға жауап іздедік. 

Биыл 1 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында қазақстандықтарға жеткілікті шегінен асатын зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» депозиттерге аударуға рұқсат беруді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шара азаматтарымыздың қаражат жинау және оларды сауатты басқару әдетін ынталандырады. Осылайша, банк клиенттері қаражат жинау мерзімін екі есе қысқартып, қоныс тойын әлдеқайда ертерек тойлай алады. Ең маңыздысы, еліміздің жас азаматтары бұл мүмкіндікті барынша ұтымды пайдалана алады. Себебі олардың жасына байланысты әзірге бастапқы жарна көлеміне немесе тұрғын үйдің толық құнында жететін жинақ қаражаты жоқ. Бұған банктің статистикасы дәлел, - делінген банк жауабында.
Бұл қаражат «Отбасы банк» және өзге де екінші деңгейлі банктерге ипотекалық несие бойынша қарызды өтеуге, тұрғын үйді ипотекасыз, яғни толық төлем жасап сатып алуға, ипотекалық тұрғын үй займын алуға, ипотекалық тұрғын үй алу үшін алғашқы жарна ретінде, жеке тұрғын үй құрылысына, сатып алу құқығымен жалға беру шарты бойынша қарыздарын өтеуге, емделуге жұмсалды.

Біржолғы зейнетақы төлемдерінің басым бөлігін (46,1%) 36-45 жас аралығындағы азаматтар қолданса, 18,5 пайызын 26-35 жастағылар пайдаланды, ал 18-25 жас аралығындағы салымшылардың үлесі 0,2%.

Енді тұрғын үй сатып алуға артық қаражаты жоқ азаматтар БЖЗҚ-ғы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» депозитке салып, болашақта пәтер алу үшін жинақтай алады.

Біржолғы зейнетақы төлемін алу үшін өтініш беру тәртібі қазіргідей, яғни enpf-otbasy.kz платформасы арқылы болады деп жоспарлануда. Қаражат салымшының БЖЗҚ шотынан «Отбасы банкіндегі» арнайы шотқа түскеннен кейін зейнетақы жинақтары банк клиентінің салымына аударылады. Оны іске асыру механизмі жылдың соңына дейін дайындалып, жүзеге асырылу үшін Отбасы банкіне тапсырылады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта банк Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен құжаттарға қажетті түзетулердің қабылдануын күтіп отыр, - деді банкте.

Қанша қазақстандық «Отбасы банк» арқалы баспаналы болды?

Қазіргі кезде 260 мыңнан астам қазақстандық «Отбасы банк» арқылы жалпы көлемі 1,4 триллион теңгеден астам сома зейнетақы жинақтарын пайдаланды. Олардың биылғы 7 қыркүйектегі жағдай бойынша зейнетақы төлемдерін пайдалану мақсаттары:

•           42 289 клиент «Отбасы банкіндегі» заем бойынша қарызын төледі (ішінара немесе толық)

•           30 074 клиент ипотекалық заем бойынша берешегін өтеді, оның ішінде Ислам банкінің қаржыландыруын қоса алғанда (ішінара немесе толық)

•           138 995 клиент ипотекаға жүгінбей, тұрғын үй сатып алды (толық өтеу)

•           15 159 клиент Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша «Отбасы банкінен» ипотекалық тұрғын үй заемын алды

•           6 528 клиент ипотекалық заем алу үшін бастапқы жарна төледі (оның ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде)

•           2 718 клиент сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешегін өтеді

•           396 клиент жеке тұрғын үй салу үшін (жер телімін сатып алуды қоса алғанда) пайдаланды

•           24 113 клиент емделу ақысын төледі.

Жолдауда айтылған халыққа қолжетімді баспана 2 және 5 пайыздық мөлшермен беріледі. Бастапқы жарнасы - 10 пайыз. Бұл бұрыннан бар бағдарлама, яғни «Бақытты отбасы» мен «Нұрлы жер». Бұл бағдарламалар арқылы кімдер баспаналы бола алады?

Мемлекет басшысы 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Оның әкімшісі ретінде тағайындалған «Отбасы банк» «бір терезе» қағидасы бойынша, тұрғын үй кезегіндегі тұрғындарды есепке алу мен баспаналарды үлестіру міндетін алады.

Бірінші кезекте бұл мүлде жеке жылжымайтын мүлкі жоқ азаматтар. Әдетте, олар қазірдің өзінде баспана кезегінде тұрған немесе кезекке тұруға міндетті адамдар. Жаңа бағдарлама бойынша, отбасы табысы ескерілетін болады - ол неғұрлым төмен болса, несие мөлшерлемесі соғұрлым аз болады.

Несиенің ең төменгі мөлшерлемесі жылдық 2% тең. Ең жоғарғысы - жылдық 5%.

Кезекте тұрған азаматтардың барлығына бастапқы жарна көлемі баспана құнының 10% тең болады.

Тұрғын үй кезегінде тұрмайтын және табысы белгілі бір минимумнан жоғары болатын қазақстандықтар, сондай-ақ екінші және үшінші тұрғын үй сатып алғысы келетіндер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін және «Отбасы банкінің» нарықтық бағдарламаларын қолдана алады.

Біржолғы зейнетақы төлемдерін депозитке аударған тұрғындардың салым бойынша сыйақы мөлшерлемесі стандартты болады - бұл жылдық 2%. Сондай-ақ оған жыл сайын 20% мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақы қосылып отырады (200 АЕК мөлшерінен аспайтын жылдық жинақ сомасы үшін). Нәтижесінде, мемлекеттік сыйлықақыны ескере отырып, депозиттің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 14%-ға жетеді.

Отбасы банкінде салым бойынша қаражат жинаудың ең аз мерзімі - 3 жыл.

Шотқа тұрғын үй құнының 50% -ын жинап алғаннан кейін, банк салымшылары қалған 50% -ға жылдық 3,5% -дан 5% -ға дейін несие ала алады.

Бұл тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі бойынша баспана алудың стандартты шарттары.

Сондай-ақ банк клиенттері депозитке зейнетақы төлемдерін жинақтай отырып, болашақта «Отбасы банкінің» барлық тұрғын үй бағдарламасына қатыса алады.




Өзгелердің жаңалығы