Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылы Қостанай облысында жалпы ұзындығы 94,6 шақырым республикалық маңызы бар жол жаңартылып, екі учаскеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл туралы Қостанай облысы бойынша жол активтері сапасы ұлттық орталығының директоры Абылайхан Алшынбаев айтты.
Қарабұтақ-Комсомол-Денисов-Рудный-Қостанай бағытындағы автомобиль жолын қайта жаңартуда барлығы 4 учаске қамтылады.
Абылайхан Алшынбаевтың айтуынша, республикалық жолда жалпы ұзындығы 17 км болатын 2 учаскеде күрделі жөндеу жүргізіледі. Атап айтқанда, Жезқазған-Петропавл және Екатеринбург-Алматы бағыттарында.
Ағымдағы жылы жергілікті жолдарда жөндеу учаскелерінің жалпы ұзындығы – 302 шақырым. Бірақ мәслихаттың кезекті сессиясында жобалардың тапсырыс берушісі біздің филиалдың қызметтеріне қаражатты бекіткен жоқ. Бұл тиісінше қолданыстағы заңнаманы бұзуға да алып келуі ықтимал. Қаражат есептелмегендіктен, жергілікті желі учаскелерінде жұмыс жүргізу барысын қадағалауға біздің орталықтың мүмкіндігі болмай отыр, - дейді Қостанай облысы бойынша жол активтері сапасы ұлттық орталығының директоры.