Жол салу кезінде ЖЭО-2 қалдықтары пайдаланылмақ

3 Наурыз 2020, 11:06
1595
Бөлісу:
Жол салу кезінде ЖЭО-2 қалдықтары пайдаланылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласының экология департаменті мен ҚазжолҒЗИ өкілдері ЖЭО жұмысы нәтижесінде пайда болатын күл-қож қоспаларын қайта пайдалану мүмкіндігін талқылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жылу энергетикалық кешенінің қалдықтары – өнеркәсіптің түрлі салаларында, сондай-ақ, жолдарды салу кезінде қолданылатын әмбебап материал. Топырақты бекемдеу кезінде тұтқырлағыш компонент ретінде пайдаланылатын күл цементті 20% үнемдеуге көмектеседі. Мәселен, Қазақстанда 5 жыл ішінде жолдарды салу кезінде өнеркәсіптік қалдықтардың шамамен 8 млн тоннасы пайдаланылған.

Батыс Еуропада ЖЭО қалдықтарын жол құрылысында қолдану проблемасын шешуде анағұрлым прогрессивті жұмыс атқарылуда. Францияда осы қалдықтарды "құрғақтай" бөлу арқылы пайдаланса, АҚШ-та ұшпа күл мен гидрожою күлі құрылыста қолданылады. Оңтүстік Африкада ұшпа күл түрлі цемент түрлерімен күшейтіліп, жол құрылысына арналған топырақты тұрақтандырғыш ретінде кәдеге жаратылады екен.

Алматылық экологтар мен жолшылар күл-қож қалдықтарын қайта пайдалану мүмкіндіктері, зертханалық сынамалар мен жол салу кезінде қоспаның тиісті құрамын таңдаудың қажеттігі тақырыптарын талқылады. Жоба күл үйінділерінің көлемін азайтып, аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етпек, - делінген хабарламада.     

Еске салайық, алдағы 5 жылда республикалық маңызы бар жолдарды салу және қайта жаңарту кезінде өндірістік қалдықтардың 5,3 млн тоннасы пайдалынылады деп жоспарлануда.

Өзгелердің жаңалығы