Қазір Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты жол саласы мамандарының цифрлық базасын толтырып жатыр және сала мамандарын осы жобаға қатысуға шақырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгінгі таңда жол саласы мамандарының цифрлық банкін әзірлеу аяқталу сатысында. Осы ретте ҚазжолҒЗИ білікті кадрлар тапшылығы мәселесінің туындау себептерін анықтау бойынша алдын ала әлеуметтік зерттеулер жүргізгенін айта кеткен орынды. Оған 400-ге жуық респондент қатысқан. Оның ішінде, 62% - жоғары оқу орындарының «көлік құрылысы» бағыты бойынша студенттері, 32% - жолшылар, 6% - жол құрылысы және жобалау ұйымдарының басшылары.
Зерттеу қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқан студенттердің 28 пайызы жол құрылысы бағытында жұмыс істеуге ниетті екені анықталды. Сондай-ақ 21%-ы жолды пайдалану бағытында, 11,5% - жобалау бойынша жұмыс істегісі келсе, 25 пайызы бұл мамандық бойынша жұмыс істегілері келмейтіндігін айтып жеткізді. Студенттердің 27%-ы тіпті аталған бағыт бойынша келіп түсетін ұсыныстарды қарастыруға дайын емес екендігін айтқан.
Жолшылардың 70 пайызы орта буын мамандары арасындағы кадр тапшылығы мәселесін мойындайды, 9%-дан астамы оны кәсіпорынның ең үлкен проблемаларының бірі деп атайды.
Айта кетерлігі, түлектерді жұмысқа қабылдау кезінде басшылардың 52%-ы оқу үлгеріміне, 14%-ы әріптестерінің ұсыныстарына, 76%-ы жастардың жеке қасиеттеріне қызығушылық танытатыны белгілі болды. Мамандардың 52 пайызы аталған мамандық бойынша білім алған жаңа буынның бойында техникалық дағдылар жетіспейтіндігін алға тартса, 43%-ы түлектерді белсенді емес деп санайды. Ал мамандардың 9%-ы оларда негізгі теориялық білімнің жоқтығына шағымданады.
Жолшылар арасындағы кадр тапшылығы, әлбетте, күрделі мәселе. Еліміздің оқу орындарынан түлеп шыққан түлектердің саны кадр тапшылығы мәселесін шешер емес. Оған қоса түлектердің барлығы бірдей өз мамандығы бойынша жұмыс істей бермейді. Бұл проблема жол саласындағы жалақының төмендігі, кәсіп түрі және жоғары білім беру жүйесіндегі білім беру бағдарламаларының жекелеген топтарының беделді болмауы сынды себептерге байланысты туындап отыр. Кәсіби мамандардан құралған база өз кезегінде осы мәселелердің кейбірін шеше алады. Мамандар жұмыс іздеп жүрсе, жұмыс берушілер білікті кадрларға мұқтаж. Осы орайда әріптестерімді сауалнамадан өтуге шақырамын. Барлығымыздың мақсатымыз ортақ, - деп атап өтті «ҚазжолҒЗИ» АҚ Оқу орталығының директоры Гүлжамал Омарова.
Сауалнамадан мына сілтеме бойынша өтуге болады