Жол құрылысының қарқынына не әсер етіп жатыр?

23 Тамыз 2022, 15:54
1284
Бөлісу:
Жол құрылысының қарқынына не әсер етіп жатыр?

Жол-құрылыс маусымы аясында республикалық автожолдар желісін қайта жаңарту және жөндеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр,деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәселен, республикалық маңызы бар «Өнеге-Бисен-Сайқын», «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы», «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қалбатау-Майқапшағай», «Талдықорған-Қалбатау-Мапқапшағай» және. автожолдарда жұмыстар қайта жанданып, қарқынды жүріп жатыр.

Құрылысты қайта жандандыру үшін ауқымды жұмыс атқарылды: құрылыс консорциумдарының құрамы қайта қаралды, құрылысқа жұмылдырылған арнайы техника мен жолшы мамандардың саны едәуір артты, қосалқы мердігер ұйымдар жұмылдырылды.

Мәселен, «Атырау - РФ шекарасы (Астраханьға)» автожолын реконструкциялау, «Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайқын» автожолдарын күрделі жөндеу жобаларын іске асыру аясында мердігер ұйымдар 10 асфальт-бетон зауытын, 7 топырақ араластырғыш құрылғы мен жол-құрылыс материалдарын қабылдау үшін 10 теміржол тұйығын жасақтады, сондай-ақ 950 арнайы бірлік техника мен 1300 жолшы маманды жұмылдырды.

Атқарылған жұмысқа қарамастан, құрылыс қарқынына әсерін тигізіп отырған бірнеше фактор бар.

Біріншіден, битум тапшылығы бар.

Ішкі нарықты битуммен қамтамасыз ету бойынша бірнеше рет құзыретті, бейінді мемлекеттік органдармен кеңес өткізілді. Республикалық желі бойынша автожол жобаларының қажеттілігі үшін битумды іріктеуге жәрдемдесу басымдығы атап өтілген болатын. Алайда бүгінгі күні жол компанияларының өтінімдерін растауда қиындықтар бар.

Мысалы, биыл жоғарыда аталған объектілер бойынша битум қажеттілігі 59 мың тоннаны құрайды, іс жүзінде 13 мың тонна битум қамтамасыз етілді.

Екіншіден, қиыршық тасты тасымалдауға арналған вагондардың саны тапшы.

Батыс Қазақстан облысында карьерлер жоқ, сәйкесінше, қиыршық тасты көрші өңірлерден тасымалдау қажет.

"Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ және "Қаз Темір Транс" АҚ-мен бірлескен талқылау және кеңес барысында теміржолдар арқылы жол-құрылыс материалдарын тасымалдау үшін вагондар санын арттыру мәселелері көтерілді, алайда тиісті нәтиже әлі байқалмады.

Мысалы, батыс өңірлеріндегі вагон саны 2700 бірлікті құраса, оның 1000-ы көмір тасымалдауға жұмылдырылып отыр.

Үшіншіден, дизель отынының тапшылығы және ол бар болған жағдайдың өзінде құны артып отыр. 

Құрылыс жұмыстарына қажет жол-құрылыс техникасы барынша жұмылдырылды. Оларды тәулігіне шамамен 100-130 тн дизель отынымен қамтамасыз ету қажет.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін "ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ  барлық шараларды қабылдауда, алайда жоғарыда аталған себептерге байланысты тапсырманы уақтылы орындамау тәуекелі бар.

Өзгелердің жаңалығы