Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жол ережесін өрескел бұзған: Түркістанда той кортежінің жүргізушілері жазаланды

13 Қазан 2025, 23:28
399
Бөлісу:
 polisia.kz
Фото: polisia.kz

Түркістан облысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған үйлену той кортежінің жүргізушілерін анықтап, жауапқа тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында тәртіп сақшылары Алматы – Шымкент автожолының 667-шақырымында түсірілген бейнежазбаны анықтаған. Онда бірнеше автокөлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, жолдағы басқа қатысушыларға кедергі келтіріп, апатты жағдай туғызған.

Тексеру нәтижесінде белгілі болғандай, Сайрам ауданының тұрғыны үйлену тойын өткізу үшін шамамен 10 автокөліктен тұратын кортеж ұйымдастырған. Алайда жүргізушілердің кейбірі жол ережесін сақтамай, қауіпті маневр жасап, қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірген.

Полиция барлық қатысушыларды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ал автокөліктер айыптұрағына қойылды. Сонымен қатар, той ұйымдастырушысына профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Құқық қорғау органдары азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Полицейлердің айтуынша, мұндай бейберекет кортеждер тек жүргізушілердің өзіне ғана емес, басқа азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіреді.

Өзгелердің жаңалығы