Жол, экология, мектеп: Премьер-министр Ақтөбенің өзекті мәселелерін шешуді тапсырды

10 Тамыз 2023, 23:22
810
Бөлісу:
Жол, экология, мектеп: Премьер-министр Ақтөбенің өзекті мәселелерін шешуді тапсырды
Фото: primeminister.kz

Ақтөбеде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов дамудың негізгі көрсеткіштеріне, маңызды түйткілді мәселелерді шешу, сондай-ақ жаңа өндірістік және әлеуметтік жобаларды іске асыру жөнінде тоқталды.

Жол, экология, мектеп: Премьер-министр Ақтөбенің өзекті мәселелерін шешуді тапсырды

Сондай-ақ мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов, энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, ауыл шаруашылығы вице-министрі – Ербол Тасжүреков және денсаулық сақтау вице-министрі – Вячеслав Дудник өздері жетекшілік ететін салалардағы жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Премьер-Министр қазіргі уақытта жалпы өңір бойынша жергілікті және аудандық маңызы бар жолдардың 30%-ға жуығының нормативтік жағдайы өте нашар екенін атап өтті. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» тас жолының жағдайы біраздан бері халықтың орынды наразылығын тудырып келеді.

Сонымен қатар өңірде үлестік құрылыстың шешілмеген мәселелері бар. Ал, жүйелі шаралар мен жағдайды дұрыс болжау тәсілдерінің болмауына байланысты облыстың жекелеген аудандарын әр жыл сайын көктемде су басып қалады.

Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін шұғыл әрі нақты шаралар қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр шешімін таппаған бірқатар әлеуметтік мәселеге де назар аударды. Мәселен, облыс бойынша 13 мыңнан астам бала 101 бейімделген мектепте білім алып отыр. Сондай-ақ 5 апаттық жағдайдағы, 24 саман-кірпіштен және 13 ағаштан салынған мектеп жұмыс істейді. Ал, оқушы орындарының тапшылығы 17 мыңнан астам. Денсаулық сақтау туралы айтатын болсақ, 64 медициналық мекеме тозығы жеткен және бейімделген ғимараттарда орналасқан.

Қазір осы түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары іске асырылуда. Сыбайлас жемқорлардың қаражаты есебінен құрылған бюджеттен тыс қордан қаржы тартылады. Осыған орай, әкімдік жұмысты күшейтіп, жаңа әлеуметтік нысандарды белгіленген мерзімде тапсыруды қамтамасыз етуі қажет, – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр атап өткендей, жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартудың тағы бір маңызды бағыты – тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету және олардың табысын арттыру. Бұған қазіргі нақты жағдайды ескере отырып қабылданған Халықтың табысын арттыру бағдарламасы айтарлықтай ықпал ететін болады.

Оны іске асыру аясында экономиканың нақты секторында жұмыс орындарын құруға ерекше назар аударылып отыр. Бірінші кезекте жаңа өндірістерді дамытуға басымдық беру қажет. Олар сұранысқа ие өнім шығаруға және тұрақты жұмыс орындарын құруға бағытталуы тиіс, – деді ол.

Ағымдағы жылы Ақтөбе облысында жеке инвестициялар есебінен жалпы құны 75 млрд теңге болатын 46 жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Пысықтау сатысында 58 жоба бар.

Үкімет басшысы тоғыз жолдың торабында тұрған өңірдің логистикалық әлеуеті де өте зор екенін атап өтті.

Автокөлік жолдарын дамыту бұл аймақтың транзиттік мүмкіндіктерін аша түседі. Биыл облыста ұзындығы 112 км болатын «Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясы шекарасы» автожолын күрделі жөндеу аяқталады. Ұзындығы 82 км болатын республикалық маңызы бар автожолдардың 6 учаскесін, оның ішінде «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» жолының 30 км орташа жөндеу жоспарланып отыр. Әкімдік тиісті министрлікпен бірлесіп, басталған жобалар бойынша жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауы қажет, – деп атап өтті Премьер-министр.

Кеңес барысында Әлихан Смайылов ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру есебінен азық-түлік бағасын тұрақтандыру және жеңілдетілген шағын несие беру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасын табысты іске асыру мәселелеріне де тоқталды.

Қорытындылай келе, ол орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігіне Ақтөбе қаласының шеткі аймақтарын дамытуға, апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін тұрғын үй салуға, ветеринариялық ұйымдардың ғимараттарын тұрғызуға және т. б. қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Өзгелердің жаңалығы