Қазақстанда жол бойындағы санитарлық жағдай мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Әсіресе ұзақ сапарға шыққан жүргізушілер үшін трасса бойында дәретханалардың жетіспеуі немесе олардың сапасының төмендігі жиі сынға ұшырайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде республикалық маңызы бар автожолдар бойында жалпы саны 1 421 жол бойы сервис нысаны орналасқан. Оның ішінде 813-і - суық дәретхана, ал 176-сы - жылы дәретхана.
Иманашев сөзінше, бұл нысандардың бір бөлігі жекеменшікке тиесілі болса, енді бірі мемлекеттік балансқа қарайды. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қарауындағы санитарлық нысандар да бар.
Дәретханалардың жағдайы тұрақты бақылауда. Атап айтқанда, санитарлық нысандар күніне үш рет тексеріледі, ал жауапты тұлғалар тиісті есеп береді. Бұдан бөлек, барлық дәретханаларға QR-код орнатылып, пайдаланушыларға қызмет сапасына қатысты шағымды тікелей жолдауға мүмкіндік жасалған,- деді ол.
Соған қарамастан, кейбір учаскелерде дәретханалардың мүлде болмауы немесе жеткіліксіздігі байқалады.
Бұл, ең алдымен, тарихи факторлармен байланысты. Мәселен, бірқатар жолдар 1960–1970 жылдары салынған, сол кезеңде санитарлық нысандарды орнату міндетті талап ретінде қарастырылмаған,- деді ол.
Қазіргі уақытта бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жүргізіліп жатырғанын айтты.
Атап айтқанда, суық дәретханаларды заманауи жылы санитарлық нысандарға ауыстыру көзделіп отыр. Сонымен қатар жол бойы сервисін дамыту үшін жеке инвесторларды тарту бағытында да жұмыстар қолға алынды,- деді төраға.