Бұл – Түркістан облысы тарихындағы алғашқы мәйіт трансплантациясы туралы оқиға, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
18 жастағы студент 15 шілдеде жол апатына түсіп, 9 күн комада жатты.
Науқасты ауруханаға жедел жәрдеммен әкелді. Ол ес-түссіз болды. Ауыр дәрежелі бас-ми жарақатымен түскендіктен, бас миының соғылуы диагнозы қойылды. Кома 2, кома 3. Ондай кезде науқасқа демалу қиын болғандықтан, тыныс алу жүйесін бірден жасанды желдеткіш қондырғысына қостық. Науқас бірінші күннен жасанды желдеткіш қондырғысымен тыныс алып жатты, - деді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы басшысы Жанболат Ділдабеков.
Дәрігердің айтуынша науқастың денесі, сүйектері, ішкі ағзаларының бәрі сау болған. Бірақ жол-көлік апатындағы соққыдан басы қатты жарақаттанған.
Біз бір аптаның көлемінде керек ем-шаралардың барлығын жүргіздік. Соған қарамастан, науқас жағдайы ауырлай берді, - деді ол.
Кейіннен мамандар жол апатына түскен жігіттің бас миының қызметін тексеруге кіріскен.
Науқасты электроэнцефалограммаға екі рет түсірдік. Электроэнцефалограмма арқылы бас мидың өлуі немесе тірі болуын анықтаймыз. Бірінші түсіргенде электроэнцефалограммада толқындар болғандықтан емін ары қарай жалғастырдық. Екінші түсірген кезімізде электроэнцефалограммада толқындар жоқ болды. Бас миы өлген, - деді Ділдабеков.
Дәрігер мұндай жағдайда науқастың туыстарына хабар беру керегін айтты. Ал жақындары науқастың ауруханаға ауыр жағдайда түскеніне қарамастан, соңына дейін жазылып шығатынына сенген.
Бауырым комада жатқан 9 күн бойы жаратқанға жалбарынып, оның үйге оралуын тіледік. Тірі қалуға мүмкіндік бар деп ойладық, - деді туған әпкесі.
Өкінішке қарай, бас мидың өлуі – қайтымсыз процесс. Дәрігер бас ми өлген жағдайда 1-2 күн ішінде жүрек те тоқтайтынын айтты. Ол ғылыми дәлелденген.
Біз бірден туысқандарын шақырып, науқастың бас миының өлгенін, мәйіттік донор болуды түсіндіріп айттық. Олар ойлануға уақыт сұрады. Бірер сағаттың көлемінде науқастың туысқандары жиналып, бір шешімге келді. Реанимацияға кіріп, науқастың жағдайын көрді. "Басқа науқастарды құтқарып алуға мүмкіндік бар болса, сол мүмкіндікті пайдаланайық" деп келісім берді, - деді дәрігер.
Тілхатқа барлық туысқаны қол қойғаннан кейін мультиоргандық донордың ағзаларын алуға дайындық басталды.
Бірден Астана қаласына Республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығына ақпарат берілді. Олар сол жақтан барлық трансплантация орталығына хабарлап, бізге Астана мен Алматы қаласынан екі бригада келіп, донорды отаға дайындадық. Сол күннің ішінде жүрек, өкпе, екі бүйрек пен бауыр алынды. Отаға сот-медициналық сарапшы қатысып, донордың ішкі ағзалары сау екеніне, тек бас миының жарақат алғанына көз жеткізді, - деді Ділдабеков.
Донордың жүрегі Шымкент қаласының жүрек орталығында 58 жастағы науқасқа ауыстырылды. Бауыры Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында 58 жастағы әйелге салынды. Бүйрек трансплантациясы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында 40 жастағы Тараз қаласының азаматына жасалды. Екінші бүйрек Астанада University Medical Center клиникасында 16 жастағы балаға салынды.
Қазіргі жағдайда донор ағзалары салынған науқастардың барлығының жағдайы жақсы. Біздің науқасымыз ауруханадан жазылып, шығып кетті, - деді Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы басшысы Жанболат Ділдабеков.
Ол сондай-ақ донордың өкпесі де алынғанын айтқан болатын. Алайда сөзінше, донор бір апта жасанды желдеткіш қондырғысымен демалғандықтан, оның өкпесін басқа адамға салу қауіпті болған. Бұл қорытындыға кардиохирургтар, өкпемен айналысатын торакальды хирургтар, трансплантологтар 12 сағат бойы өкпені тексеріп, зерделеу барысында келген.
Донор 4 адамның өмірін құтқарды деп айта аламыз. Мысалы, бүйрек, бауыр жетіспеушілігі бар. Бауыр жетіспеушілігі деген – бауыр циррозы. Білесіздер, ішке сары су жиналады, ондай науқастар қан құсады. Әрең жүрген, өлім қаупі бар науқастар. Жүрек шамасыздығы деген науқас 10-20 метр жүргенде ентігіп, жүре алмайды. Ондай науқастарға жүрек салынады, - деп түсіндірді дәрігер.
Айта кетерлігі, бұл – Түркістан облысындағы алғашқы мәйіттік трансплантация. Ділдабековтің айтуынша, көп адам мәйіттік трансплантация барын біле бермейді. Алайда әрбір адам көзі тірі кезінде мәйіт донорлығына қатысты позициясын egov.kz порталы арқылы белгілеп қоя алады.
Бізде 20 миллион халық болса, олардың ішінде мәйіт донорлығына қатысты көзқарасын білдіргендер өте аз. Адам тірі кезінде ойланып, мәйіттік донор болуға я келісім беріп, я бас тартуына болады. Бізде ешкім ешкімді қинамайды. Келісім берсе, egov арқылы "келісемін" деп тіркеліп қояды. Яғни бас миы өлген жағдай болса, базаны қарағанда ол кісіде донорлықтан бас тарту бар болса, онда ешкім ондай әрекет жасамайды, туысқандарымен де сөйлеспейді. Ал егер науқас тірі кезінде донорлыққа келіссе, келісімі болса да, туыстарынан рұқсат сұраймыз. Олар келіскен жағдайда ғана трансплантация жасаймыз, - деді ол.
Еске салсақ, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың ұзақ уақыт бойы орган трансплантациясын күткен төрт пациенттің өмірін сақтап қалған қайтыс болғаннан кейінгі донордың әкесіне "Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгісін табыстаған болатын.