Шымкент қаласында жол-көлік оқиғасы жаппай төбелеске ұласып, соңы бір адамның қаза болуымен аяқталды. Қайғылы оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жол апаты 20 қаңтар күні қаладағы Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Апаттан кейін жүргізушілер арасында жанжал туындап, оған үшінші көлікпен келген адамдар да қосылған. Қақтығыс барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алғаны хабарланды.
Оқиға салдарынан екі адам ауруханаға жеткізілген. Алайда олардың бірі алған жарақатынан көз жұмды.
Аталған дерек бойынша кісі өлтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол апатынан кейінгі төбелес кезінде ер адамды өлтірді деген күдікпен іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккендердің бірінің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берді.
1990 жылы туған науқас Қалалық клиникалық аурухана №1-ге ауыр жағдайда жеткізілді. Оған сол жақ кеуде тұсынан өтпелі пышақ жарақаты диагнозы қойылып, шұғыл түрде ота жасалды, – деп хабарлады басқарма өкілдері.
Ведомство мәліметінше, науқастың жағдайы әлі де ауыр, ол қазір жансақтау бөлімінде интенсивті терапия қабылдап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
қабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.