Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы жантүршігерлік жол апатынан зардап шеккендердің бірі Нұр-Сұлтандағы қалалық ауруханаға жеткізілді. Аудандық ауруханада жатқан басқа науқастардың жағдайы бірқалыпты ауыр. Бұл туралы өңір басшысының орынбасары Марат Иғали Instagram парақшасында жазды.
Өңір басшысының орынбасары хабарлағандай, үш көлік соқтығысқан жол апатынан зардап шеккендердің жағдайын білуге Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасымен Астрахань ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жанар Шахпутова барыпты.
«Қазір зардап шеккендердің бірі Нұр-Сұлтандағы қалалық ауруханаға жатқызылған. Жағдайы бірқалыпты ауыр. Тағы бір науқас аудандық ауруханада жатыр, жағдайы бірқалыпты ауыр, ол тасымалдауға болмайтын халде. Тағы бір әйелге ота жасалды», - деп жазды облыс әкімінің орынбасары Марат Иғали Instagram-дағы парақшасында.
Марат Иғалидің парақшасындағы шағын видеороликте дәрігер ота жасалған әйелдің табан буыны шығып кеткенін айтты. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Әрі қарай травматология бөлімінде қаралып, ем алу үшін оны да елордалық ауруханаға жөнелтпек.
«Екі баласы туыстарымен Нұр-Сұлтанға кетті. Апаттан зардап шеккендердің бәріне тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз», - деп жазды Марат Иғали.
Видеороликте дәрігер тағы бір қыздың жағдайы қанағаттанарлық екенін айтты. Жарақатын тігіп берген соң науқас үйіне жіберіліпті.
Айта кетейік, 8 шілдеде Ақмола облысы Астрахань ауданы Ягодное ауылына жақын жерде Алматы – Екатеринбург тас жолында жантүршігерлік жол апаты болды.
Тас жолда үш жеңіл көлік соқтығысып, апаттан алты адам қаза болды. Тағы алты адам ауруханаға жеткізілді.
«ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлімі (Жол жүру немесе көлікті пайдалану ережелерін көлік жүргізушісінің бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл бап бойынша айыпталушы бес жылға дейін бас бостандығынан айырылып, белгілі бір қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылуы немесе белгілі бір қызметті атқаруға бес жылға дейін тыйым салынуы мүмкін», - деді полицейлер.
Сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.