Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын ұйымдастырып, барлық автожолдарда бақылау жұмыстарын күшейтті.
«Шараның негізгі мақсаты – облысымыздың жолдарындағы көлік апаттарының алдын алу. Барлық көлік иелерін қозғалыс қауіпсіздігінің талаптарын қатаң сақтауға шақыру және жол ережесін сақтамаудың қайғылы жағдайларға әкеп соғатынын еске салу. Аталған іс-шара барысында өңірде әртүрлі акциялар ұйымдастырылуда. Мысалы, «Жылдамдық марафоны», «Жолдағы қабылдау», «Мас жүргізуші» және т.б. сынды шаралар жол-көлік жарақаттарының алдын алуға бағытталған»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері облыстағы автожолдарда 100 адам қайтыс болып, 700-ден астам адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Облыстағы барлық жол-көлік оқиғалардың 73 пайызы жергілікті маңызы бар жолдар мен көшелерде орын алса, қалған 27 пайызы республикалық жолдарда тіркелген.
«Біз жүргізген талдауға сәйкес, ең негізгі тәртіп бұзу – жылдамдық режимін сақтамау, жолдың қарсы бағытына шығу және жол жүру ережелерін жаяу жүргіншілердің өрескел бұзуы. Біз, өз кезегімізде, қоғам назарын осы проблемаға аударуды қажет деп санаймыз. Өз қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын елемегендіктен бейбіт күні адамдар қайтыс болып жатыр»,- деп атап өтті полиция өкілдері.
Айта кетейік, алдын алу іс-шарасы өңірде 15 сәуірге дейін жалғасады. Полицейлер ұйымдастырылатын түрлі іс-шараларға байланысты олардың әрекеттеріне түсіністікпен қарауды және мүмкіндігінше қолдау көрсетуді сұрайды.
«Соңғы бір күн ішінде темір тұлпарды мас күйінде тізгіндеген 13 жүргізуші ұсталды. Әр дерек бойынша оларды қатаң жауапкершілікке тарту туралы әкімшілік хаттама толтырылды. Жол жүру ережесін ескермей, өрескел бұзған жаяу жүргіншілер де жауапқа тартылады. Кеше 30 жаяу жүргіншіге хаттама толтырылған»,- деп толықтырды облыстық полицяиның баспасөз қызметі.