ДСМ: Былтыр жол апатынан 51 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен

Оның ішінде 2300-ден астам адам қаза тапқан.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 18:52
Бүгiн 2026, 18:52
169
Фото: pixabay.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылы жол-көлік оқиғаларының саны артқанымен, өлім-жітім көрсеткіші төмендегенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан 51 мыңнан астам қазақстандық зардап шеккен. Дегенмен дер кезінде көрсетілген білікті медициналық көмектің арқасында өлім-жітім көрсеткішін 9,7%-ға төмендету мүмкін болған.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 36 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4%-ға көп. Апаттар салдарынан 51 мыңнан астам адам зардап шекті, оның ішінде 2330 адам көз жұмды. ЖКО мен зардап шеккендер санының өсуіне қарамастан, өлім-жітім деңгейі төмендегені байқалады, леталдық көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 9,7%-ға қысқарды, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс травматологы, академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының директоры Олжас Бекарысов.

Олжас Бекарысовтың айтуынша, барлық жол-көлік оқиғаларының үштен бірі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген. Өңірлер бойынша статистика  төмендегідей:

  • Алматы (8954),
  • Алматы облысы (5987),
  • Жамбыл облысы (3276),
  • Ақтөбе облысы (3053),
  • Атырау облысы (2785).

Жедел медициналық жәрдем қызметінің деректеріне сәйкес, жарақатқа байланысты 796 мыңға жуық шақыртудың 44 мыңы (5,6%) жол-көлік оқиғаларына қатысты болған. Жедел жәрдем бригадаларының келу уақыты халықаралық ұсынымдарға сай: қалада шамамен 8 минут, ауылдық жерлерде 9 минут.

"Алтын сағат" қағидасы аясында зардап шеккендер 34 минут ішінде медициналық ұйымдарға жеткізіледі, бұл өлім-жітімді және жарақаттың ауырлығын азайтуда шешуші рөл атқарады. Мамандардың айтуынша, леталдық көрсеткіштің белгілі бір деңгейде жақсарғанына қарамастан, жол-көлік жарақатын азайту үшін кешенді, ведомствоаралық тәсіл қажет. Бұл профилактиканы күшейтуді, жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін арттыруды және шұғыл медициналық көмек жүйесін жетілдіруді қамтиды, - дейді Олжас Бекарысов.

Денсаулық сақтау министрлігі 2026–2030 жылдарға арналған жолдардағы өлім-жітім мен жарақаттануды азайтуға бағытталған ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын әзірледі. Құжатта денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту, кадрларды даярлау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және жол-көлік оқиғаларына әрекет ету тиімділігін арттыру сияқты жүйелі шаралар қарастырылған.

Наверх