Үкіметте Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов еліміздегі жол апаттарының басым бөлігі неден болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, көлік апатының негізгі себебі – жүргізушінің көлік жүргізу тәртібінің төмендігі.
Биыл полиция 4,5 миллион жол ережесін бұзудың жолын кесті. 17,5 мың мас жүргізуші ұсталды. 20 мың жүргізуші көлікті басқару құқығынан айырылды. 16 мың адам әкімшілік қамауға алынды. 188 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынды, - деді министр Үкімет отырысында.
Марат Ахметжановтың атап өтуінше, болашақ жүргізушілерді дайындайтын автомектептерге қойылатын талап төмен.
Автомектептерге қойылатын талап пен жүргізуші даярлау сапасы төмендеген. Қазір елімізде 747 оқу орталығы бар. 2018 жылдан бастап оларға лицензиялау арқылы рұқсат беру алынып тасталды. 2020 жылдан бері олардың қызметіне мемлекеттік бақылау да жоқ. Дайындықтың төмен сапасы үшін әкімшілік жауапкершілік жойылды, - деді министр.
Сөзінше, соның кесірінен оқу процесі формализмге айналды. Көп мектепте керекті материалдық база жоқ.
Талдау жүргізушілер арасында адам өліміне әкеп соқтырған апаттың 50%-ы көлікті өзі айдап үйренгендердің кесірінен болатынын көрсетті. Мойындау керек мемлекет бұл салада бақылауды жоғалтып алды. Сондықтан министрлік тиісті ұсыныстарды әзірлеп жатыр, - деді Ахметжанов.