Жол-көлік оқиғаларының алдын алуды күшейту керек

6 Мамыр 2019, 22:05
2084
Бөлісу:
Жол-көлік оқиғаларының алдын алуды күшейту керек

Тараз, BAQ.KZ тілішісі. Жамбыл облысында жол-көлік оқиғаларының жиілеп кетуі жүргізушілердің жол ережесін сақтамауынан. Олардың көбісі жылдамдықты мөлшерден тыс арттырып, жол белгілеріне қарамайтыны байқалып отыр. 

Сондай-ақ жыл санап автокөлік құралдарының саны да артып келеді. Мәселен, алдыңғы жылмен салыстырғанда, автокөлік саны 8 пайызға өсіп, 19 мыңнан асып кеткен.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мұрат Байсекешовтің айтуынша, облыс көлемінде жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,4 пайызға, ал қаза болғандар саны 13 пайызға кеміген. Есесіне жарақат алғандар саны 9,4 пайызға артқан.

«Биылғы бірінші тоқсанда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 31 258 дерегі анықталып, ол өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14565 дерекке артып отыр. Сот шешімімен көлікті ішімдік ішіп басқарған 334 азамат жүргізуші куәлігінен айырылды. Сондай-ақ есепті кезеңде «Автобус» және «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, нәтижесінде жол қауіпсіздігі ережесін сақтамаған 2766 жүргізушінің атына хаттама толтырылды» - деді М.Байсекешов.

Басқарма басшысы полиция қызметкерлерінің жетіспеушілігінен бұл іс-шараларға учаскелік полиция инспекторлары да тартылғанын жеткізді. Сол себептен патрульдік полиция қызметкерлері қатарын көбейту керектігін ұсынды.
Өзгелердің жаңалығы