Жоғарғы Сотта дауласушы тараптар татуласты

21 Қараша 2024, 17:00
273
Бөлісу:
Жоғарғы Сотта дауласушы тараптар татуласты
Фото: BAQ.KZ архив

Жергілікті соттарда кәсіпкерлік субъектілерінің арасында жасалған жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелеріне қатысты дау бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.


Сотқа жүгінген кезде сатушы шарттарды жарамсыз деп тануды сұраған. Сатып алушы сатушыны мүлікті қабылдау-тапсыру актілеріне қол қоюға мәжбүрлеу, жоғалған пайда түріндегі залалды және заңды тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы қарсы талап қоюмен жүгінген.

Жергілікті соттар сатушының талап қоюын қанағаттандырды, бірақ сатып алушының қарсы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартқан. Сатып алушының өкілі сот актілеріне кассациялық тәртіпте шағым түсірді. Істі Жоғарғы Сотта қарау кезінде тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келді.

Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы келісімнің мазмұнын және тараптардың татуласу жөніндегі еркін тексеріп, келісім талаптарының басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайтындығын анықтай отырып, сот актілерінің күшін жойды, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы тараптар арасында жасалған келісімді бекітіп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды, - делінген ақпаратта.

Салық кодексінің 108-бабының 1-тармағының 3) тармақшасының және АПК-нің 115-бабының екінші бөлігінің ережелеріне сәйкес арыз берушіге бюджетке төленген мемлекеттік баж салығы сомасының 50 % мөлшерінде кассациялық сотқа жүгінген кезде төленген сома қайтарылды.  

Өзгелердің жаңалығы