Жас ғалымдар ауыл шаруашылығына пайдасын тигізіп, жануарларды аман сақтап қалатын жобаларын таныстырды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматыда World Robot Olympiad халықаралық олимпиадасы басталды.
Біздің жобамыздың мақсаты - ауыл шаруашылығындағы егістік алқаптарды жануарлардан, құстардан және т.б зиянкестерден қорғау. Бұл жобаны таңдау себебіміз - табиғаттағы барлық жануарға зиян келтіруге болмайды. Мәселен, киіктер, аққулар, ақбөкендер. Көбіне фермерлер өз егістік алқабын қорғау мақсатында химиялық заттар қолданады. Дегенмен химия экожүйеге зиян келтіреді. Сондай-ақ өнім сапасын нашарлатады, жануарлар улануы мүмкін. Сондықтан біз экожүйеге зиян келтірмейтін шешім іздедік. Зерттеу жүргізіп, ақпарат іздеу арқылы ультрадыбыс арқылы аңдарды алқаптардан қорғау болатынын анықтадық. Ультрадыбыстың жиілігі 20 кГЦ астам, яғни адам құлағы оны естімейді. Осылайша, жануарларды аман қалдырып, еліміздің биоалуантүрлілігін сақтап қалуға болады. Бұл жобаны жасауға көп уақыт кеткен жоқ, жарты ай жұмсадық. Біздің жобамыз киіктерді аман сақтап, егістікке зиян келтірмейді, - деді жоба қатысушылары Ерназар мен Аманжол.
Айта кетсек, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – 2014 жылдан бері World Robot Olympiad халықаралық робототехника олимпиадасының Қазақстандағы Ұлттық ұйымдастырушысы. 10 жыл ішінде NIS еліміздегі робототехника саласының дамуына және отандық командалардың халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне айтарлықтай үлес қосты.