Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті еліміздің Ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің басшыларымен кездесіп, "Ауыл-ел бесігі" арнайы жобасын жүзеге асыру барысын талқылады.
"Көптеген ауылдардың, әсіресе шекарадағы ауылдық жерлердің "Ауыл-ел бесігі" жобасына енбегені бізді толғандырып отыр. Ол жерде де біздің азаматтарымыз тұрады, олар да мектептер мен ауруханаларға мұқтаж", - деді комитет төрағасы Әли Бектаев.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Ермек Алпысовтың айтуынша, 2027 жылға дейін жобаны жүзеге асыруға 900 млрд теңге бөлінеді. Оның 70 пайызы республикалық бюджеттен, қалған 30 пайызы жергілікті бюджеттен болады. Әкімдіктермен бірлесе отырып, жыл соңына дейін ауылдық аумақтар мен елді мекендердің тізімі жаңартылады.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев өз кезегінде министрлік өкілдеріне елді мекендерге барып, бөлінген қаражаттың игерілуін тексеру жөнінде кеңес берді. Сенатор сондай-ақ комитет бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізетінін атап өтті."Жоспар бойынша 2027 жылға дейін "Ауыл-ел бесігі" жобасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша 7 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқаты жақсарып, ауыз сумен, дамыған инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі", - деп сендірді Е. Алпысов.