Жітіқарадағы қайғылы оқиғаға орай мәдени-бұқаралық іс шаралар кейінге қалдырылды

11 Қазан 2024, 12:15
503
Бөлісу:
Жітіқарадағы қайғылы оқиғаға орай мәдени-бұқаралық іс шаралар кейінге қалдырылды
Фото: BAQ.KZ

Қостанай облысы Жітіқарадағы өрттен ажал құшқан 5 баланың өліміне байланысты қалада бүгінге жоспарланған барлық мерекелік іс-шаралар өтпейтін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жітіқара ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәурен Қожахметовтың айтуынша, бүгін еліміздегі ірі өнеркәсіп орны саналатын «Қостанай минералдары» АҚ-ның құрылғанына 59 жыл толуына орай қалада мерекелік іс-шаралар жоспарланған.  "Алтын қанат" атаулы сыйлығын салтанатты марапаттау рәсімі өтуі тиіс еді.

Сондай-ақ отандық шоу-бизнес жұлдыздарының концерті әзірленген. Ал ертең спорттық марафонмен жалғастыруды ойластырған екен.

Қостанай облыстық әкімдігінің ақпараттық штабы да «Барлық мәдени-бұқаралық іс-шаралар кейінге ысырылғанын» хабарлады.  

Еске салсақ, бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден шыққан өрттен 5 бала қаза тапты. Отқа оранған үйде  2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023  ж. кәмелетке толмаған балалар  ересектердің қарауынсыз қалған. Үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені  2011 жылғы бала ғана аман, зардап шекпеген.

Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал әкелері түрмеде отыр. 

Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы