Қостанай облысының прокуратурасы Жітіқара ауданында кәмелетке толмаған балалардың қайғылы қазасына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2024 жылғы 11 қазанда сағат 04:29 шамасында Жітіқара қаласының Төтенше жағдайлар бөліміне Клубная көшесі, 52 мекенжайындағы жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.
Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті, “Қостанай минералдары” АҚ, Жітіқара қалалық авариялық-құтқару жұмыстары бөлімі және “Семсер өрт сөндіруші” ЖШС жұмылдырылды. Барлығы 19 адам мен 5 техника жұмылдырылған.
Өкінішке қарай, өртте кәмелетке толмаған 5 бала қаза тапты. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды, өрттің алдын ала себебі - пештің қараусыз қалуы. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Б.А. Бекбосынов оқиға орнында, - делінген хабарламада.
Облыстық прокуратура қайтыс болған балалардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Қостанай облысының прокуратурасы қылмыстық істі тергеудің барысы Бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылдары кәмелетке толмаған балалар болғанын еске сала кетейік. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында бес баланың денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туылған бала ғана аман, зардап шекпеген. Қазір оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.