Жигули Дайрабаев: Қазақстан техникасында 40, ал АҚШ-тікінде 500 аттың күші бар

28 Қыркүйек 2023, 12:01
1330
Бөлісу:
Жигули Дайрабаев: Қазақстан техникасында 40, ал АҚШ-тікінде 500 аттың күші бар
Фото: Мәжіліс баспасөз қызметі

Парламент Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Мәжілістегі Аграрлық мәселелер жөніндегі комитет отырысында ауыл шаруашылығы техникаларының жай-күйін жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Техниканы жаңартпай еңбек өнімділігі мен фермерлердің табысын арттыру мүмкін емес екенін Үкімет басшылары жақсы біледі. Біле тұра Үкімет тарапынан жеңілдетілген лизинг құралдарына қаржыландыру көлемін едәуір ұлғайтуға қандай кедергі бары белгісіз, - деді депутат баяндамасында.

Дайрабаев 19 қыркүйекте Үкімет басшысы өз қаулысымен жеңілдетілген лизингке 20 миллиард теңге бөлу туралы шешім шығарғанымен бұл қаражаттың әлі шаруаларға жетпей жатқанын айтып, техниканың тозу деңгейіне тоқталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің 1 қаңтарындағы деректеріне сәйкес, Республикада 150 мың трактор тозуы 80 пайыз, 39 мың комбайн тозуы 72 пайыз, 301 мың өзге де егіс кешендері, сепкіштер, топырақ өңдеу құралдары сияқты техника бар. Бүкіл парктың орташа тозу деңгейі 76 пайыз, - деді ол.

Депутат сондай-ақ технологиялық жаңару нормасы жылына 8 пайыздың орнына іс жүзінде 4-4,5 пайыз болып отырғанын айтты. Техникалық шарт бойынша техникалар 15 жылдан кейін техникалық есептен шығарылуы тиіс болса да, елімізде қолданыста жүрген техниканың 60 пайызға жуығының мерзімі өткенімен қолданыстан шығарылмағанын айтты. Дайрабаев техниканың қуатына да тоқталды.

Ескіріп, тозығы жеткен техниканың қуаты небәрі 40 аттың күшіне тең екен. Ал Америка Құрама Штаттарында, Германия сияқты дамыған елдерде 300-500 аттың күшін құрайтын техникалар жұмыс істейді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы