Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев ведомство құзыреттер мен біліктіліктерді дамытуға баса назар аударатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада Еңбек күні мерекесіне орайластырылған “Жұмысшы мамандықтар жылында оқудан еңбекке тиімді көшу үшін серіктестер диалогы – 2025” атты жастарды жұмыспен қамту және дағдыларды дамыту мәселелері жөніндегі халықаралық конференция басталды.
Ертаев жиында сөйлеген сөзінде адами капиталды дамыту, заманауи дағдыларды меңгеру және еңбек нарығындағы өз орнын табу мәселелерінің тек қазақстандықтар үшін ғана емес, көптеген елдер үшін, әсіресе жастар үшін аса өзекті екенін жеткізді. Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Еуропалық білім беру қорының үйлестіруімен “Орталық Азиядағы білікті жастарға арналған диалог пен әрекет” (DARYA) жобасы іске асырылып жатыр.
Вице-министр мұндай бастамалар Орталық Азиядағы ортақ білім беру және кәсіби кеңістікті қалыптастыруға ықпал етіп, еңбек нарығын жастар үшін анағұрлым икемді әрі қолжетімді ететінін айтты.
Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың шамамен 38%-ын жас мамандар құрайды. Дәл осы жастар елдің экономикасы мен еңбек нарығының болашағын айқындайды.
Жұмысшы мамандықтар жылында біз жаңа технологиялық шындыққа сұранысқа ие қолданбалы құзыреттер мен біліктіліктерді дамытуға баса назар аударамыз. Біздің стратегиялық міндетіміз – кадрларды даярлау жүйесін озық дамытуды қамтамасыз ету, – деп атап өтті Асқарбек Ертаев.
Сондай-ақ вице-министр Қазақстан халқына арнаған жуырдағы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ІТ-инфрақұрылымды жедел дамыту, жасанды интеллект, автоматтандыру салаларындағы мамандарды даярлау және жаңа технологияларды енгізу жөніндегі басымдықтарды айқындағанын еске салды. Бұл білім беру және біліктілік жүйелерін трансформациялаудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Цифрлық экономикада шешуші рөл атқаратын автоматтандыруға төзімді жұмысшы мамандықтарына – құрылысшыларға, инженерлерге, өндіріс саласының мамандарына ерекше назар аударылып отыр. Мемлекеттік жұмыспен қамту саясаты кешенді модель бойынша іске асырылады: жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуден бастап, кәсіпкерлікті дамыту, білім беруді цифрландыру және заманауи стандарттарды енгізуге дейін, – деді вице-министр.
Сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шаралары көрсетіліп жатқанын атап өтіп, бұл ретте жастарды қолдау – олардың еңбек нарығындағы алғашқы тәжірибесін алуына, кәсіби деңгейін арттыруына және жаңа дағдылар игеруіне ерекше мән берілетінін айтты.
Одан кейін Асқарбек Ертаев кәсіби біліктілік жүйесінің дамуы және білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайту жөнінде егжей-тегжейлі айтып берді.
Кәсіби стандарттар құзыреттерге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді, жұмыс берушілер үшін бағдар болады және оқу бағдарламаларын жаңартудың негізі ретінде қызмет етеді. Бүгінгі таңда сұранысқа ие 7,8 мың мамандықтың шамамен 60%-ы кәсіби стандарттармен қамтылған. Олардың негізінде 11 мыңнан астам білім беру бағдарламасы өзектендірілді, – деп сөзін жалғастырды ол.
Министрліктің дерегінше, бейресми және формальды емес оқу шеңберінде алынған білім мен дағдыларды объективті бағалау және тануды қамтамасыз ету үшін кәсіби біліктілікті тану орталықтарының желісін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда ірі жұмыс берушілермен серіктестікте 9 біліктілікті тану орталығы жұмыс істейді.