ЖИ бір миллионға жуық қазақстандықтың жұмысына ортақтасады: Еңбек министрлігі қай мамандыққа қауіп төнетінін айтты

Технологиялардың Қазақстандағы еңбек нарығын қалай өзгертіп жатқанын, қай мамандықтар позициясын жоғалтып, қайсысының сұранысқа ие болып жатқанын білдік.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 19:02
Бүгiн 2026, 19:02
170
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанның еңбек нарығы құрылымдық өзгерістер кезеңіне аяқ басты. Бүгіннің өзінде жұмыс міндеттерінің 13%-ы жасанды интеллект көмегімен автоматтандырылуы мүмкін. Бұл шамамен 1 млн жұмыспен қамтылған адамға қатысты. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі еңбек нарығының қалай өзгеріп жатқанын және қай мамандықтарға барынша қысым түсетінін анықтады.

Сырттай қарағанда жағдай тұрақты көрінеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша елдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6% болды – бұл 445,7 мың адам. Алайда, бұл тұрақтылықтың артында тереңірек процестер жатыр – жұмыспен қамтудың құрылымы өзгеруде.

Бұған дейін BAQ.KZ хабарлағандай, елімізде 2 млн-нан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бар. Сонымен қатар олардың бір бөлігінің тұрақты табысы жоқ. Бұл жұмыспен қамтудың жасырын мәселелерін және еңбек нарығының едәуір бөлігінің осалдығын көрсетеді.

Еңбек министрлігі BAQ.KZ ресми сауалына берген жауабында нарықтың цифрландыру мен технологиялық өзгерістерге барған сайын тәуелді болып бара жатқанын атап өтті. Бұл бір мезгілде жаңа мүмкіндіктер ашып, дәстүрлі мамандықтарға қысымды күшейтеді.

Қазақстандағы еңбек нарығы жаһандық трендтердің, цифрландыру мен технологиялық инновациялардың әсерінен өзгеруін жалғастыруда. Бұл жұмыс күші үшін жаңа мүмкіндіктер де, қиындықтар да тудырады, – деп хабарлады ведомстводан.

ЖИ жұмысты қазірдің өзінде қалай өзгертуде

Өзгерістердің негізгі факторы – жасанды интеллектіні енгізу. Әңгіме болашақ туралы емес, қазірдің өзінде басталып кеткен процесс туралы болып отыр.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бағалауынша, Қазақстандағы жұмыс міндеттерінің 13%-ына дейін автоматтандырудың орташа және жоғары ықтималдығы бар. Бұл шамамен 1 млн жұмыспен қамтылған адамға сәйкес келеді. Бұл жерде маңыздысы: әңгіме мамандықтардың толық жойылуы туралы емес, олардың ішіндегі функциялардың қайта бөлінуі туралы болып отыр.

Генеративті ЖИ енгізудің ең жиі кездесетін нәтижесі алмастыру емес, еңбекті толықтыру – жекелеген міндеттерді автоматтандыру және өнімділікті арттыру болады, – деп түсіндірді министрліктегілер.

Ең осал санат ретінде кеңсе қызметкерлері қалып отыр. Халықаралық бағалаулар бойынша, олардың міндеттерінің 24%-ы толықтай, тағы 58%-ы ішінара автоматтандырылуы мүмкін.

Қандай кадрларға сұраныс артып келеді

Технологиялық өзгерістер аясында жаңа сұраныс қалыптасуда – ең алдымен IT саласындағы мамандарға. Министрлік цифрландыру қазірдің өзінде жұмыспен қамту құрылымын өзгертіп жатқанын тікелей көрсетіп отыр.

Цифрландыру деңгейінің артуымен жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректер талдаушысы (аналитика), сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуші мамандарға қажеттілік артуда, – деп атап өтті ведомстводан.

Сонымен қатар, басқа салаларда да, мысалы, энергетика мен жоғары технологиялық салаларда сұраныс өсуде. Бұған дейін жазғанымыздай, цифрландыру мен автоматтандыру ағымдағы мамандықтарды өзгертіп қана қоймай, жаңаларын да қалыптастыруда. Сарапшылар еңбек нарығы технологияларға бейімделетінін, ал негізгі тренд – принципті түрде жаңа мамандықтардың пайда болуы екенін айтады.

Неліктен мәселе технологияда емес

Технологияларға көңіл бөлінгеніне қарамастан, жұмыссыздықтың негізгі себептері классикалық күйінде қалып отыр.

ҰСБ мәліметінше, жұмыссыздардың ең көп үлесі мыналарға тиесілі:

  • өз еркімен жұмыстан кеткендер – 126,4 мың адам

  • жұмыс таба алмай жүргендер – 107,1 мың

  • отбасы жағдайына байланысты еңбек нарығынан шыққандар – 64,1 мың

Сондай-ақ, кәсіпорындардың таратылуына байланысты қысқартулар (28,7 мың) және жұмыспен қамтудың маусымдық сипаты тіркелуде. Бұл басты мәселе жұмыс орындарының жоғалуында емес, нарық пен дағдылар арасындағы сәйкессіздікте екенін көрсетеді.

Бұған дейін BAQ.KZ хабарлағандай, жұмыспен қамтылғандардың едәуір бөлігі классикалық еңбек қатынастарынан тыс жұмыс істейді, бұл еңбек нарығындағы осалдықты арттырып, табыстың тұрақтылығын төмендетеді.

Сұраныс пен ұсыныстар қандай?

Бұл жағдай Электрондық еңбек биржасының деректерімен де расталады. Мәселен, 2026 жылдың ақпанында жұмыс берушілер 99 мың бос жұмыс орнын орналастырса, жұмыс іздеушілер 124,9 мың түйіндеме жариялаған. Бұл формальды түрде нарық «кандидат нарығы» болып қала беретінін білдіреді, бірақ оның ішінде сәйкессіздік күшеюде: жұмыс берушілер бір мамандарды іздесе, жұмыс іздеушілер басқа дағдыларды ұсынады.

Еңбек министрлігі бос жұмыс орындарының құрылымы негізгі сұраныстың бүгінде қайда шоғырланғанын анық көрсететінін атап өтті.

Сұраныстың салалық құрылымында бос жұмыс орындарының ең көп саны дәстүрлі түрде әлеуметтік сала мен қызмет көрсету секторына тиесілі. Білім беру саласы көш бастап тұр, онда 26,9 мың бос жұмыс орны орналастырылған. Сондай-ақ өзге де қызметтер көрсету саласында – 14,6 мың, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде – 9,4 мың, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде – 8,6 мың айтарлықтай сұраныс байқалады, – деп хабарлады ведомстводан.

Бұл ретте ұсыныс тарапынан жастар басым: барлық түйіндемелердің 42%-дан астамы 35 жасқа дейінгі жұмыс іздеушілерге тиесілі.

Бұл жаппай сегменттегі бәсекелестікті күшейтеді және сонымен бірге басты теңгерімсіздікті – жұмыс істегісі келетіндердің саны мен экономиканың нақты дағдыларға деген шынайы қажеттілігі арасындағы алшақтықты ушықтырады.

Нәтижесінде Қазақстандағы еңбек нарығы сандық емес, сапалық жағынан өзгеруде. Технологиялар жұмыс орындарын қысқартып қана қоймай, олардың мазмұнын қайта жинақтап, біліктілікке қойылатын талаптарды арттырады және қызметкерлердің дағдылары мен жұмыс берушілердің сұраныстары арасындағы алшақтықты күшейтеді.

Мұндай жағдайда бейімделу мәселесі басты орынға шығады.

Еңбек нарығының құрылымы айтарлықтай өзгерістерге ұшырауда, бұл жұмыс күшінен дағдыларды үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді, – деп атап өтті Еңбек министрлігіндегілер. 

Ресми болжамға сәйкес, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2026–2027 жылдары шамамен 4,7% деңгейінде сақталады. Алайда, бұл тұрақты цифрдың артында күрделірек процесс – технологиялардың әсерінен экономика мен жұмыспен қамтуды біртіндеп қайта құру жатыр. Және мұндағы басты тәуекел – жұмыссыздықтың өсуі емес, жұмысшылардың бір бөлігі нарықтың жаңа талаптарына бейімделіп үлгермеуі мүмкін.

Наверх