Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ жасанды интеллектке (ЖИ) қатысты заң жобасында авторлық құқық пен меншікті нақтылауға бағытталған маңызды нормалар қарастырылғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжілістегі кулуарда айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде жасанды интеллект көмегімен жасалған кез келген өнім нақты белгіленуі тиіс. Яғни бұл контент жасанды интеллект арқылы жасалғаны немесе белгілі бір деңгейде ЖИ араласқаны туралы ақпарат халыққа ашық болуы қажет, – деді депутат.
Авторлық құқық мәселесі де реттеледі
Шапақтың айтуынша, жасанды интеллекттің қатысуымен жасалған шығармаларда авторлық құқық мәселесі де ескерілген.
Егер өнім жасанды интеллект көмегімен жасалса, бұл туралы нақты көрсетілуі тиіс. Себебі мұндай жағдайларда авторлық құқық пен меншік құқығы мәселесі туындайды. Осы заң жобасында осыған байланысты түсініктер мен нормалар нақты енгізілді, – деп түсіндірді ол.
Кім меншік иесі?
Заң жобасында жасанды интеллект жүйесінің иесі мен оны иемденушінің құқықтары мен міндеттері де нақтыланған.
Ертең қандай да бір даулы жағдай туындаған кезде, біз заң негізінде “жасанды интеллект өнімінің меншік иесі кім, жауапкершілік кімде” деген сұрақтарға нақты жауап бере аламыз. Сондықтан бұл нормалар өте маңызды, – деді Үнзила Шапақ.
Оның айтуынша, алдағы уақытта бұл бағыттағы ережелер қосымша нормативтік-құқықтық актілермен нақтылауды талап етеді.
Қазірдің өзінде біз ЖИ қатысқан кез келген авторлық өнімді белгілеу туралы норманы заңға енгіздік. Бұл – ашықтық пен заңдылықты қамтамасыз етудің алғышарты, – деді депутат.
Айта кетейік, Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң қабылданды.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басқарушы директоры Ернат Жүнісов ЖИ мамандықты жоймайтынын, тек талапты өзгертетінін айтты.