Елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында Президент жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасайтынын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз адам капиталына инвестиция салып, жас мамандардың қалыптасуына жағдай жасаймыз. Ең басты міндетіміз – аймақтар арасындағы алшақтықты азайту және орта тапты нығайту. Сол себепті цифрлық технология мен жасанды интеллектіден бастап жасыл энергетика мен қосымша құны жоғары өндіріске дейінгі негізгі секторлардағы әлеуетімізді күшейте береміз. Біз цифрлық трансформацияда елеулі табысқа қол жеткіздік. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT хабқа айналу, - деді Президент.
Жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беретінін айтты.
Бірқатар шетелдік университеттің филиалы бар, зерттеу мен әзірлеу саласындағы серіктестік жолға қойылған академиялық және инновациялық хабқа айналғымыз келеді. Қазақстан ең қуатты суперкомпьютерді іске қосуға кірісті. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кетті. Бұдан бөлек, СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мұнда криптовалютаны азық-түлік сатып алуға, қызмет төлеміне және басқа да мақсаттарда пайдалануға жағдай жасалады, - деді ол.
Еске салсақ, AIF-2025 форумы өз жұмысын бастайтыны туралы жаздық. Ауқымды іс-шара Астанада өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIF-2025 әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Президент жиын барысында Қазақстан қандай қағидатты қатаң ұстанатынын айтты.