Астанада өткен Astana Open Dialogue тәуелсіз аналитикалық платформасының III отырысында жасанды интеллект саласындағы танымал сарапшы, Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Кай-Фу Ли депутаттарды жасанды интеллект алмастыра ала ма деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, адамдардың басты ерекшелігі – олардың өзіндік санасы мен қайталанбас қасиеттері.
Егер барлық басқаруды жасанды интеллектке жүктесек, ол тек процестерді оңтайландырумен айналысар еді. Ал біз адамдардың өзіндік ерекшеліктерін сақтағымыз келеді, – деді Кай-Фу Ли.
Сонымен бірге ол жасанды интеллекттің заң шығару ісінде қосалқы құрал бола алатынын атап өтті.
Заңдар өте күрделі, олардың тілін жасанды интеллект жақсы түсінеді. Ол заң жобаларын талдауға, олқылықтарды анықтауға, бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етуге көмектеседі. Кейде біз көлемді құжаттарға толық назар аудармай қол қоямыз. Ал жасанды интеллект ондай жағдайға жол бермейді, – деді ол.
Кай-Фу Ли заң шығарушы органдар үшін ЖИ-ассистенттер енгізудің маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, бұл құралдар заңнамалық бастамалардың елдің мақсаттарына, қоғамның құндылықтарына және сайлаушылардың сеніміне сәйкес болуына ықпал етеді.
Жасанды интеллект жаңа идеялар ұсынып қана қоймай, ықтимал қарсылықтарды болжай алады және оларды шешу жолдарын ұсынады. Бұл демократияны әлдеқайда тиімді етеді. Сондықтан ЖИ адамдарды бөлу үшін емес, біріктіру үшін қолданылуы тиіс, - деді сарапшы.
Бұған дейін Кай-Фу Ли Қазақстанның ЖИ дамуын жас көшбасшыларға сеніп тапсыруы батыл қадам екені жайлы айтқан еді.