Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бірқатар маңызды реформа туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында экономиканы цифрландыру, инвестициялық саясатты жаңарту және инфляцияны тежеу бағытында нақты қадамдар қолға алынады.
Банк жүйесі мен финтехті дамыту
Министрдің айтуынша, жақын уақытта “Банктер туралы” жаңа заң жобасы әзірленеді. Ол финтехті дамытуға, цифрлық активтердің айналымын ырықтандыруға және нақты секторға банктердің өтімді қаражатын тартуға жағдай жасамақ.
Инвестициялық саясат пен Алатау қаласы
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвестициялық саясатты қайта форматтау бойынша нақты шаралар он күн ішінде әзірленеді. Сондай-ақ инвестиция тарту жүйесін толық жаңартуға бағытталған іс-қимыл жоспары әзірленетін болады.
Қысқа мерзімде Алатау қаласына арнайы даму мәртебесін беру туралы Президент Жарлығының жобасы дайындалып, тиісті тетіктер айқындалады. Мұнда криптовалюта, Smart City технологиялары, ерекше қаржы және басқару режимі қарастырылатын жеке заң қабылдау көзделіп отыр.
Бұл шаралар Алатау қаласын инновация мен инвестиция тартудың жаңа орталығына айналдыруға мүмкіндік береді, - деді Жұманғарин.
Инфляциямен күрес және ішкі нарықты тұрақтандыру
Министр инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша кешенді шаралар қайта қаралатынын айтты. Онда ішкі нарықты өніммен толықтыру, отандық өндірісті ынталандыру және инвестициялық тапсырыстар арқылы шағын өндірістер құру көзделген.
Биыл қаңтар-шілде айларында экономикалық өсім 6,3%-ға жетті. Жыл соңына дейін осы қарқынды сақтау - Үкіметтің басты міндеттерінің бірі.
Үкімет пен Ұлттық Банктің бірлескен мақсаты - инфляцияны 5-6% аралығына дейін түсіру, - деді Жұманғарин.
Сауда және ішкі нарықты қолдау
Ішкі нарықты қорғау мақсатында отандық өндірушілер үшін сауда алаңдарының 30%-ы көлемінде сөре кеңістігіне басым қолжетімділік қамтамасыз етілді. Мемлекеттік қолдау алатын сауда субъектілері үшін бұл көрсеткіш азық-түлік тауарларында 50%, ал азық-түлік емес тауарларда 20% болуы тиіс.
Сондай-ақ “Қазақстанда жасалған” өнімдерді танымал ету мақсатында арнайы маңдайшалар енгізіліп, оларды сөрелердің көзге көрінетін бөліктеріне орналастыру міндеттеледі.
Реттеу мен заңнаманы жаңғырту
Экономиканы ырықтандыру аясында реттеушілік және әкімшілік кедергілерді жою жұмыстары жалғасады. Осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Реттеушілік интеллект орталығы құрылады. Бұл орталық жасанды интеллект арқылы заңнамаларды тексеріп, оңтайландырады.
“Мемлекеттік мүлік туралы” заң қайта қаралып, экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін азайту көзделіп отыр, - деді министр.
Сонымен қатар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлік экономиканың өсу нүктелеріне бағытталып, бәсекеге қабілетті өндірістер құрудың катализаторына айналмақ.
Салық салу және цифрлық трансформация
Мемлекеттік кірістер саласында “салық төлеушіні сүйемелдеу” тетігі заңнамалық түрде бекітіліп, жасанды интеллект көмегімен заманауи салық сервистері енгізіледі. Бұл адал салық төлеушілер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Үкімет Мемлекет басшысының “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан” атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін нақты тетіктер мен мерзімдерді белгілеп, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жұмысын жалғастырады.