Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерболат Сатыбалды мен Аманжол Әлтай Жезқазған қаласындағы заманауи CK-NAMYS спорт академиясына барып, жас спортшыларды даярлау барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуде Аманжол Алтай академияда қазақша күрес пен басқа да ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл спорт түрлері балалардың тек физикалық төзімділігін ғана емес, сонымен қатар рухани жігерін, дәстүрге деген құрметін қалыптастырады, тәртібі мен мінезін шыңдайды.
Спорт – тек жарыс пен медаль ғана емес. Бұл – көркем мінез, жауапкершілік және зиянды әдеттерге қарсылық. Бала ерте жастан спортпен айналысса, өмірде де дұрыс бағдар ұстанады. Ұлттық спорт түрлерін қолдау – ұлт денсаулығына және мәдени болмысымызды сақтауға қосылған үлес, – деді депутат.
«CK-NAMYS» спорт академиясы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынғанын атап өткен жөн. Жобаға шамамен 4 млрд теңге инвестиция салынды. 10-16 жас аралығындағы 200-ге жуық баланы даярлауға арналған академияда қазіргі таңда 152 жас спортшы білім алуда. Жобаның ерекшелігі – кәсіби спорттық дайындық пен толыққанды жалпы білім беруді ұштастыру. Академия тәрбиеленушілері жергілікті №24 мектеппен ынтымақтастық орнатып, жаттығу процесімен қатар білім алуды да жалғастыруда.
Кешен құрамына күрес пен жалпы дене дайындығына арналған арнайы залдар, әмбебап ойын залы, хореография залдары, 150 көрерменге арналған трибуналар, сондай-ақ 150 орындық заманауи жатақхана мен асхана кіреді. Балаларға жатын орын, тамақ және спорттық киім-кешек тегін беріледі. Академияның ашылуы дарынды спортшыларды анықтауға ғана емес, Жезқазғанда ұлттық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге де мүмкіндік беріп отыр.

Депутаттар Президент тапсырмасы аясында дене шынықтыру және спорт туралы заң әзірленіп, Мемлекет басшысы оған өткен жылы қол қойғанын еске салды. Аталған құжатта бюджет қаражаты мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен шетелдік легионерлерді қаржыландыруға тыйым салынған. Бұл өз кезегінде ресурстарды қазақстандық балалар мен жастардың спорттық дайындығына, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға мақсатты түрде бағыттауға жол ашады.
Бұқаралық спорт – болашаққа салынған инвестиция. «Намыс» сынды кешендер балалар мен жасөспірімдер үшін салауатты орта қалыптастырып, өңірлердегі дарынды жастарға тең мүмкіндік береді және қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтады, – деп атап өтті депутат Ерболат Сатыбалды.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылы «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Жезді кентінде және Жаңаарқа ауданында да осындай спорт кешендері, сондай-ақ Қаражал қаласында жабық жүзу бассейні ашылды. 2026 жылы «CK-Namys» спорт кешендері мен ескек есу спортына арналған нысанды пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл өңірде бұқаралық спорт пен спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.