Жезқазғанда көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан мас күйде рөлге қайта отырған ер адам сот үкімімен 6 айға бас бостандығынан айырылды және өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жезқазған қалалық сотында көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, алкогольдік масаң күйде автокөлік тізгініне отырған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылдың 2 тамызында сағат 02:20 шамасында «Mercedes-Benz» маркалы көлікті тізгіндеген сотталушы К. Жезқазған қаласының Холмецкий көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқан. Тексеру барысында оның көлік жүргізу құқығынан бұрын айырылғаны және алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды.
Сот процесінде айыпталушының кінәсі оның өз мойындау жауаптарымен және ұсынылған дәлелдемелермен толық дәлелденді.
Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстың сипатын, қоғамға қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басына қатысты деректерді ескере отырып, оның көлік жүргізу құқығынан айырылғанын біле тұра ережені қайта бұзғанын назарға алды. Сонымен бірге сотталушының жасаған ісіне шын жүректен өкінуі, жас балаларының болуы сияқты жеңілдететін мән-жайлар да қаралды.
Дегенмен сот оның түзелуі тек қоғамнан оқшаулау арқылы мүмкін деген шешімге келіп, ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Үкім бойынша айыпталушы өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.