Жезқазғанда полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары арқылы жол ережесін өрескел бұзған той кортежін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Видеожазбалардан көрініп тұрғандай, жүргізушілер жылдамдықты асырып, қауіпті маневрлар жасаған. Сондай-ақ, басқа көліктерге кедергі келтіріп, қажетсіз дыбыстық сигналдар қолданған.
Осы дерек бойынша полиция жедел шара қабылдады. Төрт жүргізуші жылдамдықты арттырып, қауіпті маневр жасағаны және жолда апатты жағдай туғызғаны үшін жауапқа тартылды. Олардың көліктері айып тұрағына қойылды.
Мерекелік көңіл-күй деп заңды бұзуға болмайды. Жолды бөгеп қою, жолда қауіпті әрекеттер жасау және кортеждерді шектен тыс шуылдатып жүргізу сияқты ережелер бұзылса, тиісті шаралар қолданылады. Мұндай құқық бұзушылықтар камералар арқылы тіркеліп, міндетті түрде жауапкершілікке әкеледі, - деп мәлімдеді Ұлытау облысының ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Оралда бағанға соғылып, аударылып қалған көліктегі жолаушы қаза тапты.