Жезқазғанда мыңнан астам жұмыс орны ашылады

16 Мамыр 2020, 00:23
1844
Бөлісу:
Жезқазғанда мыңнан астам жұмыс орны ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Жезқазған аймағында болып қайтты. Өңір басшысы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" және "Нұрлы жер" бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Жезқазғанда осы жылға жоспарланған үлкен жоспарлар бар. Жергілікті билік "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасының көмегімен белсенді қарқынмен құрылыс жүргізіп, нысандарда жөндеу өткізіп, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Мысалы, әлеуметтік мәдени тұрмыстық төрт нысанды, 58 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатырын, 1,5 шақырымға жуық кәріз және су құбыры желілерін жөндеу жоспарланған. Қала жолдары де ретке келтіріле бастады. Атап айтқанда, №4 жол өтпесін қалпына келтіруге кірісті. Ол 1954 жылы салынған.

Бұдан басқа, екі саябақ абаттандырылады, 800 жарықтандыру тіректері орнатылады. Осының бәрін жүзеге асыру үшін жұмыс қолы қажет. Сондықтан мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Жезқазғанда Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жалпы сомасы 3,9 млрд теңге болатын 36 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 33 инфрақұрылымдық жоба және үшеуі құрылыс бойынша, - деп хабарлады Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Бегімов.
Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жөнделетін нысандардың бірі - Алғашқы құрылысшылар алаңындағы ротонды бар субұрқақ. Ол үшін 15 жұмыс орны ашылды.
Біз Жезқазғанда кәріз және сумен қамтамасыз ету жүйесін жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Бізге жұмысшылар жетіспеді, сондықтан жұмыспен қамту орталығына жүгіндік. Олар бізге жеті адамды жіберді. Жұмысшылардың орташа жалақысы - 85 000 теңге, - дейді "Медет" ЖК бригадирі Есет Әбжалелов.
Жезқазғанда қолжетімді көпқабатты тұрғын үйлер көбірек салына бастады. Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 158 пәтерлік төрт көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үйді әлеуметтік қорғалатын санаттардан кезекте тұрғандар алады.

Өңір басшысы жергілікті жерлерде барлық жұмыстардың сапасы мен қарқынын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Сапар барысында Жеңіс Қасымбек 900 орындық жаңа мектепті аралап көрді. Ауланың аумағын абаттандыру, жиһаз, құрал-жабдықтар жеткізу ғана қалды. 1 қыркүйекке қарай нысан оқушыларға есігін айқара ашпақ.

Облыс әкімі сондай-ақ "КазТехФильтр", "Ютария ltd" және "Ulytaý Nan" ЖШС-де болып, өндірістік үдеріспен және кәсіпорындарды одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлармен танысты. Компания басшыларымен кездесуде отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері де талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы