Жезқазғанда геология саласын дамыту және еліміздің экономиканың маңызды секторлары үшін жоғары білікті кадрлар даярлау мақсатында Геология кластері ресми түрде ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ҚР Парламентінің депутаттары, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдері, жетекші сала мамандары, университет оқытушылары және халықаралық серіктестер қатысты.
Жоба аясында Жезқазғанда заманауи кампус салу жоспарланып отыр. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жастарды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға мүмкіндік жасайды. Геология кластерінің базасында геология, минералдық инжиниринг және сабақтас салалар бойынша мамандар даярлайтын жаңа Ұлытау университетін ашу көзделуде.
Кластер жұмысына тау-кен ісі мен инженерлік ғылымдар бойынша әлемдегі жетекші оқу орындарының бірі АҚШ-тың Colorado School of Mines университеті тартылуда. Оның қатысуы халықаралық үздік тәжірибелерді енгізуге, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға және жаһандық талаптарға сай кадрлар даярлауға жағдай жасайды. Осылайша, жаңа жоба білім беру мен ғылымды экономикалық даму мақсаттарымен үйлестіріп, өңірдің ұзақ мерзімді өсіміне негіз қалайды.
Іс-шара барысында Министрлік пен «Қазақмыс корпорациясы» Ұлытау университетін құру жобасын іске асыру жөніндегі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.