Талдықорғанда жаңа жедел жәрдем машиналарының кілттерін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Жастар» саябағында өткен салтанатқа Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, облыстық жедел жәрдем стансысы орталығының директоры Савелий Пакқа 40 жаңа «Жедел жәрдем» көлігінің кілтін тапсырды. Өткен жылы сатып алынған 35 санитарлық автомашинаны есепке алсақ, стансының арнайы көлікпен қамтамасыз етілуі 100%-ға, ал халық санына шаққандағы бригадаларының саны 75-ке жетіп отыр. Жалпы 10 мың адамға 1 бригада деп есептеледі, ал облыстағы халық санының 667 мың адам екенін ескерсек, бригада саны тиісті мөлшерден асып отыр.
Жедел жәрдем кареталары барлық қажетті құралдармен, атап айтқанда өкпені жасанды желдететін «Wienman» аппараттары, дистанциялық электрокардиограф, «Corpuls» дефибрилляторы, «Accuvac pro Wienman» электр аспираторы, омыртқаны қозғалтпай ұстауға арналған дип-панель, реанимацияға арналған орын, оттегі баллондары, пациентті тасымалдау кезінде пайдаланылатын арнайы төсек, жұмсақ зембілдермен жабдықталған.
Сонымен қатар ауылдық медициналық пункттер мен амбулаториялар үшін 13 машина алу қарастырылған, соның 8-і аудандарға бүгінге дейін берілді.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жедел жәрдем паркін жаңарту ел Президентінің медициналық қызметтердің, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Биылғы жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында облыстың алты ауданының ауылдарында 12 блокты-модульді медициналық кешен салынады. 2024 жылға дейін мұндай нысандар өңірдің тағы 40 ауылында бой көтереді. 2023 жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауылдық жерлерде тағы 59 нысан салынады. Санитарлық автокөліктерді жаңарту да медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді. Өткен жылы 35 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды, біз бүгін тағы 40 санитарлық көліктің кілтін табыстаймыз. Осының арқасында пациенттерге жедел жәрдемнің жету уақыты қысқарып, алғашқы көмекті дер кезінде көрсету мүмкіндігі арта түседі деп ойлаймын. Халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау – біз үшін қашанда негізгі басымдық болып қала береді, - деді Б. Исабаев.
Айта кетсек, Президенттің тапсырмасына сәйкес республикалық бюджеттен Ақсу және Кербұлақ аудандарындағы ауруханаларды, облыстық балалар ауруханасын күрделі жөндеуге, сондай-ақ Талдықорған қаласындағы онкологиялық диспансердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінетін болады. Оған қоса Талдықорғанда әуел баста облыстық сотқа арнап салына бастаған ғимаратқа өңірлік кардиохирургиялық орталықты орналастыру туралы ұсыныс қолдау тапты. Сондай-ақ Панфилов ауданындағы көпсалалы аурухана күрделі жөндеуден өтіп, заманауи жабдықтармен қамтылады. 2023 жылдан бастап «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жетісу облысында өңірдің ауылдық елді мекендерінде 59 нысан салынады, оның 15-і дәрігерлік амбулатория, 39-ы ФАП, 5-еуі медициналық пункт болмақ.