Апталап кезегін күткен шаруалар күздің қара суығында жылынар жер таппауда. Сол себепті еріктілер тасымалдаушы шаруаларға ыстық шай берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жетісуда қызылшаның жыры әлі бітер емес. Зауыт алды ығы-жығы жүк көлігінен босамай тұр. Үш айға созылған егіншілер арпалысы желтоқсан айына дейін жалғасатын түрі бар. Күннің суығында трактор ішінде тоңып отырған тасымалдаушылардың жайы қиын. Сондықтан өңірдегі еріктілер ыстық шай беріп, шаруалардың көңілдерін аулап қайтты.
Мен Кәлпе ауылынан қатынап жүрмін. Міне, тасбақаша қимылдап, зауыт алдына да жақындап қалдық. Бүгін 5-ші тәулік трактор ішінде отырғаныма. Түнде есігі жабылмаса да тастап, Балпық би ауылындағы туысымның үйіне қонамын. Олардан да ұят болды, бір тіркеме қызылшамызды жыр қылып әлі жүрміз. Тасып жүргеніме екінші айға кетіп барады. Бір рет келіп қайтқаныма шамамен 30 мың теңгедей аламын. Қазір күніне 70-ке жуық көлік қабылдап жатыр деседі. Қайта айналып келгеніммен де тағы осы 4-5 күн күтетін түрім бар. Аяқтан өткен суық қиын екен. Бала-шағаның қамы үшін көнеміз ғой, - дейді тасымалдаушы Алмат Үстенбеков.
Мұнда келген еріктілер жүк көліктерінің жүргізушілері үшін арнайы қоқыс жәшіктерін орналастырған. Одан бөлек жуынғанға арнайы құрылғылар орнатқан. Мұндағы мақсат – тазалыққа назар аудару.
Әрине күннің суығында күндіз-түні көлік ішінде қимылдамай отыру ауыр. Біз шама бар қолдан келгенше көмегімізді бердік. Зауыт алдындағы көлік азаяр емес, қыркүйектен бері менің әкем де осында еңбек етіп жатыр. Маусымдық жұмыс болған соң бәрі осылай асығады. Жыл соңына дейін өнімін өткізбесе, қазірдің өзінде қатып жатқан қант қызылшасы тіпті тіркемеден түспеуі мүмкін, - дейді ерікті Самал Жазықбаева.
Бұған дейін Жетісу қант зауыты алдындағы кезек 5 шақырымға дейін cозылғанын жазған болатынбыз.