Сауд Арабиясындағы қажылықтан елге оралып келе жатқан павлодарлық азаматтың ұшақта денсаулығы күрт нашарлап, аллергиялық ауру пайда болған. Ол тұмауға қарсы препаратты қабылдап, ұйықтап кеткен. Араға бір сағат салып, бет-аузы ісіп оянған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бортсерік ұшақ ішіндегі жолаушыларға шұғыл дәрігер қажет екенін хабарлаған. Дәл сол уақытта ұшақта болған Жетісу облысының дәрігері Жаннұр Сырымов науқасқа бірден алғашқы көмек көрсетуді бастап кеткен.
Жолаушы Мұрат Иманғазиновтың айтуынша, бұл уақытта шамамен Қап тауларының үстінде ұшып келе жатқан.
Экипаж шұғыл жағдай болса, ұшақты жақын маңдағы әуежайдың біріне қондырамыз деген шешім қабылдаған. Бірақ Жаннұр Мәуленұлы өз ісінің кәсіби маманы екенін айтып, аман-есен жеткізді. Өміріме араша түскен абзал жанға шексіз ризашылығымды айтқым келеді, - дейді Мұрат Иманғазинов.
Жаннұр Сырымов бүгінде Жетісу облысы, Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарады. Сол сапарында Меккеге мүгедек әкесін қажылыққа апарып, қайтып келе жатқан беті екен.
Науқасқа өмірімде әуеде медициналық көмек көрсетем деген ой болмапты. Әкеме үнемі ем-дом жасап жүретіндіктен, жанымда дәрі-дәрмек қобдишасын ұстайтынмын. Бортсеріктің хабарлауынан соң науқас ағаның жанына жедел барып қарасам, көзінің айналасы мен беті ісіне бастаған. Мұны медицина тілінде "Квинке ісінуі" деп атайды. Егер 15-20 минут ішінде адамға медициналық көмек көрсетілмесе, өліп кетуі ықтимал. Бірден "Аллергопресс" және "Преднизолон" препараттарын ектім. Одан соң қан қысымын өлшеп, тілінің астына таблетка салдым. Система салуды да бастап кеттім, - деді Жаннұр Сырымов.
Жаннұр Мауленұлы медицина саласындағы алғашқы қызметін санитарлық фельдшер болып бастаған. Көксу ауданындағы қызметіне дейін Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бүйрек трансплантологиясы, урология және экстракорпоралды детоксикация бөлімшесінің меңгерушісі, Талдықорған қаласында аурухана басшысының орынбасары болып еңбек еткен.