Биыл Талдықорғанда «BIKEN» II халықаралық театр фестивалі өтпек. Онда алыс-жақын шетелдерден өнер ұжымдары бақ сынайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір өңірде аталған дәстүрлі театр фестиваліне қызу дайындық жүріп жатыр. Халық әртісі, көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Римова 100 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып, кейін дәстүрлі өнер додасын айналған «BIKEN» фестивалі осы жылы басқа форматта өтпек. Оны бізге Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының режиссері Ұлан Ахметов айтып берді.
Бұл фестивалдің бұрынғы фестивальден бағыты бөлек болады. Мұнда келген шетелдік, отандық театрлар өз өнерін ортаға салып қана қоймай, қаланың көрнекті жерлерін аралап, мәдени өмірімен танысады. Барлығына бірдей арнайы жүлде тігілген. Ешкім құр қол қайтпайды. Фестиваль аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Яки актер мена актрисалар жеке өнерін көрсетсе болады. Ол үшін арнайы уақыт та бөлінеді. Бұл шынайы өнер жанашырлары бір-бірімен тәжірибе алмасса деген ниет. Бұрынғыдай өнерін көрсетіп, қайта еліне қайтып кетпейді. Біз соған басымдық беріп отырмыз, - дейді Ұ.Ахметов.
Жалпы, рухани дода 7-10 қазан аралығында өтпек. Оған жалпы саны 8 театр қатысады. Жергілікті театрдан бөлек, Жамбыл облыстық орыс драма театры, В.Гуния атындағы Поти мемлекеттік драма театры, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театры, Түркияның Эрзурум мемлекеттік театры, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры, Қ.Жантөшев атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық драма театры, Б.Омаров атындағы «Жас сахна» театры бақ сынайды.
Қатысушыларды театр сыншылары іріктеп алды. Бұл біз үшін тәжірибе алмасу алаңы болмақ, - дейді театрдың жас режиссері Рамазан Үсен.