Жетісудың туристік әлеуеті орташа

24 Шілде 2024, 16:42
411
Бөлісу:
Жетісудың туристік әлеуеті орташа
Фото: автордан

Бұл басқа өңірлермен салыстыра отыра берілген баға. Шетелден келген қонақтар Балқаш және Алакөл көлдерінің инфрақұрылымы төмен екенін айтуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыста туризм басқармасы жоқ

Мемлекет басшысы осыдан 2 жыл бұрын Жетісу жеріне келгенде аграрлы өңірде туризмнің де тыста қалып кетпеуін қадағалауды тапсырған еді. Облыс әкімдігі туристерді молынан тартып, облыстың экономикасын ілгерлетуді қолға алған. 

Алайда көп ұзамай туризм басқармасы жабылып, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қосылды. Сөйтіп аталған басқарманың бір бөліміне айналды. Бүгінде өңірдің туристік әлеуетіне «Vizit Zhetisy» мекемесі жауап береді.

Талдықорғандағы туыстарымызға қонаққа келген сайын Алакөлге шомылуға барамыз. Одан бөлек Текелінің табиғаты ұнайды, Тамшыбұлақ та да болдық. Менің бір байқағаным мұнда туристерге қолайлы жағдай жасалмаған. Жағалауда дүкендер жоқ. Қалаған затынды табу өте қиын. Жол мәселесі де кедергі болады. Мынандай ғажайып табиғатты туризмнің бір бөлігіне айналдыруға болады. Сосын бағасы өте қымбат. Қарым-қатыныс жүйеге қойылмаған. Ақшидегі стандартты қонақ үйлердің бағасы өзге мемлекеттердегі жұлдызды қонақүйдің бағасымен бірдей, - дейді Санкт-Петербург қаласының тұрғыны Антон Иванов.

Жалпы, өңірде тікелей туризм саласына қатысты 5 нүкте бар. Олар шипалы саналатын Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалаулары, одан кейін табиғаты ғажайып «Алтын Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері, соңғысы – талайды тамсандырған Жоңғар-Алатау тау жүйесі. 

Бүгінде осы туристік нысандарына баратын жолдар мен инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Курорттық орындарға туристердің көлікпен жетуіне жол ашылды. Бүгінде көлге апаратын автомобиль жолдарына, әуежайдың ұшу-қону жолағына қайта жаңарту жүргізілді. Сондай-ақ пойыздардың саны артқан.

Былтыр «Үшарал-Достық» (180 км) а/ж қайта жаңарту аяқталды. Шипалы көлге апаратын «Талдықорған-Өскемен» (287-615 км) автомобиль жолын қайта жаңартылып жатыр. Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағына қайта жаңарту жүргізілді. Жазғы маусымда Алматы және Талдықорған қалаларынан субсидияланатын авиарейстер, сондай-ақ Астана қаласынан коммерциялық рейстер жүзеге асырылатын болады. Алакөлге бағыт бойынша Астана, Алматы, Өскемен, Семей және Қызылорда қалаларынан 12 пойыз қатынайды. 2023 жылы «Астана-Достық» бағыты бойынша «Тальго» пойызы іске қосылды, - дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Искаков.

Оның айтуынша, былтыр өңірге 1,6 млн-нан астам турист келсе, алдыңғы жылы 1,5 млн турист Жетісуға сапарлаған. 2024-2026 жылдары Алакөл көлі жағалауының инфрақұрылымын дамыту қосалқы станцияларды іске қоса отырып, Ақши және Көктұма ауылдарына дейін жоғары вольтты электр желілері беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, кәріз-тазарту құрылыстарын салу және көлдің жағалауын нығайту жұмыстары жалғаса береді.

Жетісудың туристік әлеуеті орташа

Электр желілері ескірген

Алакөл жағалауында орналасқан Ақши мен көктұма ауылдарының ең өзекті мәселесі электр желілерінің әлсіздігі. Бір өшіп, бір жанған жарық толқыны тұрғындарды әбігерге түсіріп отыр. Осы мәселені алдын алу жұмыстары енді қолға алынуда.

Ұзындығы 56,7 км 110 кВ электр беру желісі бар «Ақши» жаңа қосалқы станциясының құрылысы» жобасы бойынша 2024 жылғы республикалық бюджетті нақтылауға ҚР Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім берілді. Өтінім сомасы – 2 млрд. теңге, жобаның жалпы құны 10,3 млрд. теңгені құрайды. Сондай-ақ «220/110/35 / 10кВ жаңа «Көктұма» ҚС және «Ақтоғай» ҚС 2 ұяшыққа-220кВ кеңейтумен 220кВ «Көктұма-Ақтоғай» ЭБЖ (204,3 км) құрылысы» жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жобалау жұмыстарының аяқталды. Оның алдын ала құны – 40,0 млрд. теңгені құрап отыр, - дейді Д.Искаков.

Биыл мұнда кәріз тазарту құрылыстары да қолға алынбақ. Қазіргі уақытта кәріз тазарту құрылысын салудың жобалау-сметалық құжаттамасына түзету жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқталады. Түзетуге дейінгі құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы 7 млрд. теңгеге жетіп отыр.

Бүгінде Алакөл ауданының Алакөл көлінің қоршау бөгетін салу» жобасының бірінші кезегіне түзету аяқталған. Құны 19,1 млрд. теңгенің құрайтын жобаға Республикалық бюджеттен қаражат бөлу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне бюджеттік өтінім берілген. Одан бөлек жағалауды абаттандыру үшін ЖСҚ әзірлеу жүргізілуде. Оның құны – 11 млрд. теңге. 

Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті туристік индустрияны құру, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыру және инвестиция тарту мақсатында Балқаш көлінің жағалауында туризмді дамыту жалғаса бермек. Осы бағыт бойынша Лепсі ауылынан Балқаш көлінің жағалауына дейінгі жолды (0-27 км) қайта жаңғырту аяқталды.

«Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» (35-110 км) автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны - 30,4 млрд. теңге. 2024 жылға дейін 10 млрд. теңге бөлінді. Аяқтауға 10,4 млрд. теңге қажет. Бүгінгі таңда жолдың 64 км асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына қарай қалған 41 км-ге асфальт жабындысын төсеуді аяқтау және автокөлік құралдарына жол ашу жоспарлануда. Балқаш көлінің жағалауында туристік-рекреациялық аймақтың инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы басталды Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,2 млрд. теңге бөлінді. Жалпы құны – 7,9 млрд теңге. 7,4 шақырым жол, 97,4 шақырым су құбыры, кәріз және электр желілері салынады, - дейді Д.Искаков.

Жетісудың туристік әлеуеті орташа

Аудандарда Визит-орталықтар ашылуда

Қазір өңірде экологиялық туризмнің де маңызы ерекше болып отыр. Мәселен Панфилов, Ескелді, Сарқан аудандарына қарасты «Алтын-Емел» және «Жоңғар-Алатау» ұлттық парктері және Жоңғар-Алатау тау жүйесі әлеуетін арттыру үшін арнайы Визит-орталықтар ашылуда. 

Мәселен, «Алтын-Емел» ұлттық паркінде жеке инвестиция есебінен Визит-орталық салынды. Биыл жергілікті бюджет есебінен 200 млн. теңгеге Сарқан ауданының Тополевка ауылында Визит-орталық ашылады.

Туристік көрнекі жерлердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өткен жылы Сарқан ауданында Жасылкөл көліне дейінгі жолға орташа жөндеу жүргізілді. 281 млн. теңгеге «Тополевка – Кордон Жалаңаш» 20 км қиыршық тас жолы салынды. Келесі жылы осы жолдың қалған бөлігін жөндеу жоспарлануда. 150 млн. теңгеге «Кордон Жалаңаш-Жасылкөл к.» 9,5 км жолы да жасалады, - дейді Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев.

Осы ретте айта кетейік, былтыр Ш.Уәлихановтың мемориалдық мұражайына күрделі жөндеу жүргізілген еді. Сол мұражайға апаратын жолда жасалғаны мәлім. Бұдан басқа, әкімдікпен «Бұрқан-Бұлақ» сарқырамасына (Жоңғар Алатауының тау жүйесі) апаратын жолды (38 км) қайта жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленген.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сомасы – 15,3 млрд. теңгені құрайды. Осы жоба бойынша ҚР Көлік, Экология және табиғи ресурстар, Туризм және спорт министрліктеріне бюджеттік өтінімдер жолданды. Жалпы, биыл облысқа 2,2 млн. турист келеді деп күтілуде. Өсім 10%-ға, 2023 жылы – 2,0 млн. адам, оның ішінде жазғы кезеңде Алакөл көлінің жағалауына 1,6 млн. адам келген еді. Биыл 1,5 млрд. теңге сомасына 10 туризм нысанын пайдалануға беру жоспарлануда. !рілері: Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс орындары – «Апорт» - 800 млн. теңге, «Азиза» - 250 млн.теңге, «Алтын Жол» - 150 млн. теңге көлемінде қаржы жұмсалды, - дейді Д.Искаков.

Бүгінде облыс аумағында біржолғы сыйымдылығы 16 мың төсек-орыннан асатын 363 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Өткен жылы 3,5 млрд. теңге сомасына 17 нысан пайдалануға берілген. Атап айтсақ, Алакөл көлінің жағалауындағы демалыс орындары – «Айдарбек» пен «ElRiza». 

Сондай-ақ, «KEPLER GROUP LTD» компаниясымен бірлесіп Алакөл көлінің жағалауында «Hilton» брендімен халықаралық қонақ үй және курорттар желісінің 4 жұлдызды қонақ үй құрылысы бойынша жоба әзірленуде. Бұл жоба Жоңғар қақпасында қуаты 1 ГВт ірі жел электр станциясын салуды жоспарлап отырған «ACWA Power» (Сауд Арабиясы) компаниясының әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асырылмақ.

Туристік әлеуетті арттыру мақсатында «SHAGAN FEST», «ALAKOL FEST» фестивалдері ұйымдастырылды. Таулы шыңға жаппай көтерілу туристер мен белсенді тау демалысын сүйетіндерді тарта алады. Сонымен қатар, тау туризмі мәдениетін қалыптастырады және нығайтады. Жетісудың жеті арнасының бірі – Көксу өзені, белсенді су және спорттық туризмді дамытуға бағытталған. Орталықтың ұйымдастыруымен алғаш рет Рафтингтен ашық Азия Чемпионаты «KOKSU WATER FEST» өтті. Чемпионатқа 5 елден: Моңғолия, Қырғызстан, Босния және Герцеговина, Ресей мен Қазақстаннан 17 ерлер мен 6 әйелден құралған командалар қатысты, - дейді «Vizit Zhetisy» орталығының басшысы Жандос Нуриев.

Текелі мен Кербұлақ қысқы туризмге иек артады

Ал қасиетті Күреңбел топырағында туристерді қабылдайтын 12 обьект жұмыс істейді. Оның ішінде 11-і қонақ үй, біреуі аңшылар үйі. Аудан аумағында туристік қызметті және экскурсиялық маршрут бойынша қызметті жүзеге асыратын жалғыз «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі.

Аталған нысан 3 туристік бағыт бойынша жұмыс жасайды. Былтыр 14 521 адам келіп, оларға 32,8 млн теңгеге қызмет көрсетілген. Биыл соңғы төрт айда 5 875 адам қабылдап 5,8 млн теңгеге қызмет көрсетілген екен. Туризм саласында қонақ үйлерде қызмет көрсетілген келушілер саны 2 297 адамды, оның ішінде резиденттер 1 859 адам, резидент еместер 438 адам. Көрсетілген қызметтерден түскен қаржы 35 млн 738 мың теңгені құраған.

Туризм саласына инвестициялар тарту бойынша 2023 жылы «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағындағы «Асемтал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Визит – орталық құрылысын жүргізді. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды. Құрылған жұмыс орны 6 адам. Визит - орталық мақсаты келуші туристтерге ұлттық парк туралы және ондағы туристтік маршруттар туралы ақпарат беріп экологиялық туризмді дамыту мақсатында жарнама дайындау және басқада қызметтер атқарады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер «Вершки» Көксу ауылдық округінде және Көксу өзенінде «Рафтинг» демалыс аймағын салу жоспарлауда. Екі жобанық жалпы құны 250 млн теңге. Жұмыс орны 20 адам, - дейді Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов.

Оның айтуынша, шаңғы базасын салуға 62 гектар жер телімі қарастырылған. Қазіргі таңда «Рафтинг» демалыс аймағын жүргізуге 1,8 гектар жер беріліп құрылыс жұмыстарын бастапты. Инвестиция тарту аудан экономикасының өсуінің негізгі мақсаты. Бұл бағытта ауданда қарқынды жұмыстар жалғастырылатын болады.

«Шаңғы» базасын салу дегеннен шығады, бүгінде Текелі қаласы қысқы туризмге иек сүйеп отыр. Кенді шаһардың табиғи-рекреациялық әлеуеті туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Бүгінде Жоңғар Алатауы - игерілмеген аумақтардың бірі, тау жоталарына барғысы келетін туристер көп.

2023 жылғы ресми статистика деректері бойынша Текелі қаласында 15 орналастыру орны жұмыс істейді. Онда қызмет көрсетілген келушілер саны 8,7 мың адамды, ал көрсетілген қызмет көлемі 336,5 млн.теңгені құрады. Текелі қаласының аумағында туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында «жұмсақ» инфрақұрылым нысандары орнатылды. 

Атап айтсақ, 8 орындық, 4 жол көрсеткіш, 3 ақпараттық стенд, 4 қоқыс жәшігі және тау жиегінде суретке түсуге арналған 1 фотоспот. Сонымен қатар, 2023 жылы жеке инвестициялар есебінен 431 млн. теңгеге 2 туристік нысан пайдалануға берілді. Олар «Калифорния» қонақ үй кешені – 200 млн. теңге, қонақ үй мен жабық бассейні – 231 млн. теңге. Биыл 100 млн. теңгеге тағы бір инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда», дейді моноқала әкімі Алмас Әділ.

Ел Президентінің Жетісу облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмасының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында шаңғы-биатлон спорт кешенінің жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 128,8 млн. теңге бөлінген. 

Былтыр оның 10 млн.теңге игерілсе, биыл 118,8 млн.теңге бөлініпті. Жобалау – 85% орындалды. Жыл соңына дейін аяқталады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының шамамен құны 15 - 17 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталатын болады.

Биыл облыста «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының аумағында 250 млрд.теңге сомасына халықаралықжүк-жолаушылар әуежайын салу жөніндегі бірлескен қазақстандық-неміс жобасын («SKYHANSA» ЖШС) іске асыру жоспарлануда. Онда 700 жұмыс орны ашылып, өнімділік – 50 мың тонна жүк, жолаушылар терминалының өткізу қабілеті - сағатына 500 адамға дейін жетпек. Бүгінгі таңда 840 га бөлінген. Бұл жоба алыс шетелден облысқа туристер легін арттыруға мүмкіндік береді.

Әсіресе, шекара маңындағы сауда-экономикалық қатынастарды мейлінше қарқынды, тиімді жүргізуге, өңірге инвестиция тартуға, тұрғын үй құрылысына, туристік әлеуетті арттыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге, өндірісті дамытуға айрықша мән берілді. Ендігі міндет – қол жеткізіп отырған осы жетістіктерді еселеп, жылды жақсы аяқтау, - дейді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Жалпы «Visit Zhetysu» Туристік ақпараттық орталығы еліміздің атақты @aibar_toleubekov @abramowv @adilet_rakhmetolla @dots_foto @bydastann @eldar @talashin Travel блогерлерінің қатысуымен Жетісу облысының 5 туристік дестинацияларының бірі Ақсу ауданы, Жоңғар Алатауы тау жүйесінің бір бөлігі Мыңшұңқыр тауларында «Жұмбақ Қапал» атты ақпараттық тур өткізген. 

Тур барысында Жер жанаты – Жетісудың «Тамшыбұлақ», «Баянжүрек» жартастарындағы петроглифтер, сарқырама мен «Үшкөл» моренді көлдерімен танысып, жаңа туристік маршрутты құрастырылып, тұсауы кесіліпті. Бұл туристік маршутты ерекшелігі туризмнің көптеген түрлерін дамытуға қолайлы, атап айтсақ - белсенді, экологиялық, ат туризмі, жаяу, жайлау және біріктірілген туризм түрлеріне бағытталған, Тур барысында қатысушылармен белгісіз жаңа сарқырама табылып, дронбегілер «Кемел сарқырамасы» атауын берген.

Өзгелердің жаңалығы