Жетісудан батысқа әлеуметтік көмек аттанды

8 Сәуір 2024, 17:48
600
Бөлісу:
Жетісудан батысқа әлеуметтік көмек аттанды
Фото: автордан

Жетісулық еріктілер мен тұрғындардан жиналған әлеуметтік көмек табиғи апат орын алған аймақтарға аттанды. 2 үлкен камаз көлігі арнайы полиция қызметкерлерінің жолбастауымен ұзақ жолға шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ел ішін топан су басып, қарғыннан халық жапа шеккен бетте жетісулықтар жұрт алыстағы ағайынға жылу жинаған еді. Талдықорған қаласында Қонаев көшесі 47 мекенжайындағы «Жетісу жастары» орталығы мен «Қаратал» ықшам ауданы 22 B мекенжайында орналасқан «AMANAT» партиясы облыстық филиалында арнайы пунк ашылып күнтіз-күні қызмет етіп жатыр. Оған қоса аудандық, қалалық партия филиалдарының ғимараттары да жәрдем берем деген жұрттың сәлемін қабылдап, облыс орталығына жеткізуде.

Елдегі апатты жағдай ауызбіршілікті талап етеді. Батыстағы халықтың хәлі мұқым ұлттың басына түскен қауіп-қатер болды. Осы тұста бәріміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір-бірімізге хәл-қадірімізше жәрдемдеспесек болмайды. Жетісулықтар барынша жылы киім-кешек, азық-түлік, әртүрлі тұрмыстық заттарды әкеліп, бізге аманаттап жатыр. Осыдан-ақ халықтың ісгі ниетін аңғаруға болады, - дейді «AMANAT» партиясының мүшесі Ескендір Имандос.

Жетісудан батысқа әлеуметтік көмек аттанды

Айта кетейік, көксулықтар су тасқынан зардап шеккен өңірлерге 5 тонна қант, 5 тонна картоп, 6 тонна азық-түлік себеттерін жинаған. Оның жалпы көлемі 5 162 600 теңгені құрайды. Сондай-ақ 560 мың теңге қаржылай көмек те көрсетілді. Одан бөлек 240 мың теңге фураға тасымалдау қызметіне төленді.

Ал жаркенттік ағайын 25 тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер мен тұрмыстық заттар, дәрі-дәрмектер және электр қуатын беретін генератор сынды аса қажетті құрал-жабдықтарды жөнелтті. Қазір облыстағы басқа да аудандардан жылу жиналып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы