Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Жетісудағы әдістемелік орталық тәжірибесін бөлісті

2 Мамыр 2025, 19:34
989
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Өңірлік білім басқармасына қарасты облыстық әдістемелік орталық республикадағы белді білім мекемесі саналады. Осы ретте Жетісу жеріне еліміздің түкпір-түкпірінен сала мамандары жиналып, қысқамерзімді тағылымдамадан өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мақсатты мектептерді дамыту жолы көрсетілді

Үздіктер қатарынан көрінген облыстық әдістемелік орталығы тәжірибесімен бөлісіп, өзге өңірдегі әріптестеріне әдістемелік қолдау көрсетіп келеді.

Қазір Оқу-ағарту министрлігі ауылдық жерлерде білім сапасын көтеру жолдарын іздестіріп жатыр. Бұл мақсатта түрлі жобалар қолға алынған. Ал оны жүзеге асыру жолында әдістемелік орталықтардың атқаратын рөлі жоғары. Осы мақсатта Талдықорған қаласында жобалық кеңсе әдіскерлеріне арналған қысқамерзімді тағылымдама ұйымдастырылды. 

Мұндағы басты мақсат – «943-еліміздің мақсатты мектептерін дамыту» жобасы аясында мақсатты мектептермен жұмыс тиімділігін арттыру және әдіскерлердің кәсіби құзыреттілігін нығайту. Жиынға онлайн режимде Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Президентінің міндетін атқарушы Анар Танирбергенова, облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов, «Алматы облысы бойынша Кәсіби даму институты» филиалының Жетісу облысы өкілдігі басшысы Алмагуль Балшенова және әр өңірден келген жобалық кеңсе әдіскерлері қатысты.

Жетісудағы әдістемелік орталық тәжірибесін бөлісті

Қазақстан Республикасының Оқу – ағарту министрлігі төмен нәтижелі мектептерді қолдау мақсатында «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасы шеңберінде берілген «943 – елдің мақсатты мектептерін дамыту» жобасын іске қосты. Жобаға біздің облыстан 57 мақсатты мектеп енді. Осыған орай, әр өңірде педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға және білім саласында жаңа идеяны іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік беретін әдістемелік кеңістік құру қажеттігі туындады. Білім сапасын жақсартуда педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету үшін тәжірибелі әдіскерлер құрамынан Жобалық кеңселер құрылды. Жобасы аясында жүргізілетін жұмыстардың басты бағыттарының бірі – пән мұғалімдерін біліктілік арттыру курстарынан өткізу. Мұндағы мақсат - білім сапасы мен мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін арттыру, - дейді облыстық әдістемелік орталықтың директоры Ғалия Мухметова.

Оның айтуынша, мақсатты мектептердің 11 негізгі пәндер бойынша педагогтері базалық, негізгі мен ілгері деңгейдегі білім беру бағдарламасы бойынша біліктілік арттыру курстарынан өткен.

Жетісулық әдіскерлердің қолдауымен мақсатты мектептердің жеке портреттері мен жұмыс жоспарларын әзірлеу және енгізу, жобаны іске асыру шеңберіндегі бақылау/мониторингтік іс-шаралар, әдіскерлердің қолдауымен мақсатты мектептерді дамыту траекториясы мен құралдары және т.б. бағыттар бойынша жұмыстар жүйелі әрі тиімді ұйымдастырылды.

Биыл мақсатты мектептер бойынша әрбір өңірде жобалық кеңсе құрылған болатын. Онда іріктеліп алынған мектептерде білім сапасын көтеру, ондағы жағдайды жақсарту іс-шаралары жүргізілді. Бұл мектептер – сырттай бақылау мен білім алушылардың жетістігі және халықаралық зерттеулердегі алған орындарының нәтижелері негізінде еніп отыр. Сол үшін облыстық, қалалық, аудандық әдістемелік орталықтар жыл бойы мектептерге көмек көрсетті. Нәтижесінде 5 облыстың жұмысы таңдалып алынды. Соның ішінде Жетісудың бағыты ерекше көзге түсіп отыр. Міне, бүгін бізді тәжірибелерімен бөлісуге шақырып отыр. Мен Астана қаласына арнайы келдім. Жетісу жеріндегі мақсатты мектептердің үздік тәжірибелерімен танысқым келеді. Бұл тағылымдама келер жылы да жалғасын табады деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан «Шеберлік тәлім» және «Математика клубы» секілді жобаларымызды алып келдік, - дейді Анар Астана қаласының әдістемелік орталығының Талдау және маниторинг бөлімінің басшысы Анар Досмұхамет.

Жалпы тағылымдамада әр өңірден келген 15 әдіскер білім саласында қолданып жүрген жобаларымен бөлісіп, тиімді тұстарын көрсетті. Әдістемелік орталықтың атауын өзгерту бойынша да жеке ұсыныстарын жеткізді.

Үздіктер өз ұсынысын жолдады

Пленарлық мәжілістен кейін тағылымдама жұмысы шеберлік-сыныбымен жалғасып, Алакөл және Кербұлақ аудандарының әдістемелік орталықтары ұжымда тиімді өзара әрекеттесуді ұйымдастыру мәселесін ортаға салды. 

«Жобалық кеңсенің сапалы құрамы: үздік тәжірибелер» тақырыбындағы Кейс-стади барысында Көксу және Сарқан аудандарының әдістемелік орталықтары жеке даму жоспарлары, оқыту және біліктілігін арттыру бағдарламалары, тәлімгерлік, кеңсе ішіндегі тәжірибе бағыттары бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

Одан кейін тағылымдама жұмысы Панфилов ауданында жалғасты. Панфилов ауданы әдістемелік орталығының бөлім басшысы Райгүл Карабалаева жобаға қатысатын мақсатты мектептердің инфрақұрылымымен, жұмысымен таныстырып, ауданның Д.Қонаев атындағы мектебіне, Абай атындағы орта мектебіне, №6 орта мектеп-интернатына экскурсия жүргізді.

Біз 3 күн ішінде әріптестерімізден көп нәрсе үйрендік. Әсіресе ауылдық жерлерде білім сапасын көтеру барысында ұстанған бағыттары ұнады. Оны алдағы уақытта өз тәжірибемізде пайдаланамыз. Жалпы жетісулық әріптестеріміз қолға алған жобалар өз тиімділігін көрсетіп жатыр. Кеңес сұрап хабарласқанда, үнемі қолдау көрсетіп тұрады. Тағлымдама жоғары деңгейде өтті. Келер жылы да жалғасын табады деген ойдамын, - дейді Маңғыстау облысы әдістемелік орталығы директорының орынбасары Ақмоншақ Мамаева.

Ескелді, Ақсу аудандары мен Текелі, Талдықорған қалалары әдістемелік орталықтары мұғалімдерді тестілеуге дайындау, оқыту сапасын арттыру, білім сапасын бақылау және басқару бойынша практикалық жұмыс жүргізді.

Педагогтердің біліктілігін арттыру және оларды бірлескен жұмысқа тарту құралдарын меңгеру мақсатындағы «Педагогикалық әлеуетті дамыту» тақырыбындағы жобалық сессия Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп базасында өтіп, табысты мектептің үздік тәжірибесі және жол картасын әзірлеу бойынша тәжірибе таратылып, пікір алмасты.

Шара соңында қатысушылар алғыс хаттар мен сертификаттармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы