Жетісуда жылыту маусымында тұрғын үйлер жиі өртенеді

16 Қазан 2024, 15:25
361
Бөлісу:
Жетісуда жылыту маусымында тұрғын үйлер жиі өртенеді
Фото: автордан

Өңірдегі өрт оқиғаларының басым бөлігі тұрғын үй секторында болады. Оның 65%-ы жылыту маусымында тіркеледі екен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отты ауыздықтау оңай емес

Өкінішке қарай, өңірде тілсіз жаудың алдын алу жұмыстары жүргізілгенімен тұрғындардың бәрі тиянақты тірлік кеше алмайды. Мәселен, жыл сайын жүздеген үлкенді-кішілі өрт оқиғалары тіркеледі. Тіркеліп қана қойса жақсы ғой, тұрғындардың арасында қаза тапқандары да кездеседі. Әрине, мұның бәрін адамдардың салғырттығына, немқұрайлылығына итеруге де болады. Дегенмен арнайы органдар тексеру жұмысының шалалығы да байқалады. Кейде газ баллон қолданған тұрғындар аузын жаппай кетіп, электр жарынының қысымымен жарылып, тұрғын үйден өрт шығады. Алыстағы ауылдарға өрт сөндірушілер келем дегенше, тұрғын үйдің түгі қалмай жанып кетеді. Мұндай жағдайдар өңірде де жиі кездесіп тұрады. Аудан орталығында орналасқан төтенше жағдай департаментінің бөлімдері қанша аптықты дегенмен көбіне кешігіп жетеді. Себебі жер шалғай, ал отты ауыздықтау оңай емес.

Күннің аптап ыстығында тоғайларда жиі өрт болып тұрады. Ол кезде жабайы аңдар күйіп, пісіп те кетеді. Ал қыс басталып, жылыту маусымы кезінде оқыс оқиғалар жиі болады. Пештің аузын ашып кетіп, ыс тиіп қайтыс болған отбасылар да бар. Газ баллон атылып кетеді. Көбіне қазір газ баллондар ескі, мерзімі өткен. Оның үстіне ешқандай ережеге қарамай, адамдар қалай болса солай пайдаланады. Балалы үйлерге қиын, көз жазбай қадағалап отыру керек. Апат деген аяқ асты, ес жиып үлгере алмай қаласыз. Жанған үйді өшіремін деп әуреленбеу керек, бірден керек заттарды алып қашқан абзал. Әйтпесе жалын газ баллонды шарпыса, бірден жарылады, - дейді ардагер өрт сөндіруші Болатбек Тенкебайұлы.

Көбіне тұрғындар үй іші қызыл жалынға оранғанда керекті заттарын алуға тырысып, біраз бөгеліп қалады. Ондай сәтте бірден жарылатын заттарды сыртқа шығарған жөн. Себебі сол арқылы қалған құнды заттарды сақтап қалуға болады. Сол үшін де осы кезеңде, яки жылыту маусымында жыл сайын жылу беру кезеңінің мәселелері басқарманың ерекше бақылауында болады. Үй-үйлерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Қараңыз, соңғы тоғыз айда өңір көлемінде 300-ден астам өрт оқиғасы тіркелген. Былтыр осы уақытта 311 оқыс оқиға орын алған екен. Дегенмен былтырғыға қарағанда биыл тілсіз жаудан келген қауіп-қатер біршама аз. Оның бірден бір себебі жаңбырдың жиі жаууы. Одан бөлек қадағалау жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілуінен десек артық айтпағанымыз болар.

Әрбір тұрғынның өрт оқиғасына бетпе-бет келмеуі үшін біз арнайы түсіндірме жұмыстарын, профилактикалық шараларды ұйымдастырамыз. Әлеуметтік желіде де нақты не істеу керектігін ашық айтамыз. Былтыр да 300-ден астам өрт оқиғасы орын алған. Биыл сәл аз. Оның үстіне адам өлімі 2,5 есеге төмендеді. Мәселен, өткен жылы – 5 адам қаза тапса, осы жылы – 2 тұрғын қайтыс болған. Ал жарақаттанғандардың саны да 25%-ға азайған. Биыл 6 адам жарақат алған, оның ішінде 16 өрт ағымдағы жылыту кезеңінде 24-25 болды. Өткен жылы 10 оқиға тіркелген еді, - дейді Жетісу облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Сергей Огай.

Иә, тілсіз жау кімді де болса аяп қалмайды. Сондықтан барынша сақ болған абзал. Мамандардың айтуынша, жылыту кезеңі өрт оқиғасының жиі орын алатын кезеңі саналады.

Жетісуда жылыту маусымында тұрғын үйлер жиі өртенеді

Балалар жиі зардап шегеді

Облысты әлі табиғи газға қол жеткізбеген ауыл саны көп. Олардың барлығы тұрғын үй жағдайында газ баллонын пайдаланады. Одан бөлек жылыту кезеңінде үйге көмір жағады. Осы сәтте газ баллонды абайлау керек. Пештің маңынан аулақта ұстаған абзал. Себебі жалыннан баллон атылып кетуі мүмкін.

Қазір департамент қызметкерлері қауырт жұмыс үстінде. Жылыту маусымына дайындық және іске асыру аясында облыста 2024-2025 жылдарға арналған жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторында өрттің алдын алу жоспары әзірленіп, бекітілді. Осы жылдың 15 тамызынан бастап тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіліп жатыр. Онда профилактикалық іс-шаралармен халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасылары және жалпы тұрғын үйлер қамтылды. Мамандар әр үйге кіріп, қауіпсіздік ережелерімен таныстырып жатыр. Бізге еріктілер де көмектесуде, - дейді Жетісу облысы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бстығының орынбасары Гүлден Ықыласбаева.

Оның айтуынша, көбіне қателікке ауыл тұрғындары ұрынады. Газ баллонды күннің астына тастай салады, болмасы қысымы қатты жерлерге орналастырады. Тіпті балаларының тамақ істеуіне мүмкіндік береді. Бұл өте қауіпті.

Мәселен, облыс көлемінде 132 мың 19 жеке тұрғын үй және 1 656 көпқабатты тұрғын үй тіркелген. Олардың басым бөлігі газ баллон пайдаланады. Нақтылап айтсақ, Ақсуда – 147, Алакөлде – 296, Ескелдіде – 303, Қараталда – 657, Кербұлақта – 945, Көксуда – 776, Панфиловта – 161, Сарқанда – 1677, Талдықорғанда – 1235 және Текеліде 857 тұрғын үй бар. Бүгінгі таңда азаматтық қорғау қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер арасынан құрылған мобильді топтар 50 951 үй-үйді аралап (132 мың 19-дың 39%-ы) тексеріс жүргізіп, 62 мыңнан астам жадынама тапсырған.

Өрт қауіпсіздігін әрбір тұрғын сақтайды деп айта алмаймын. Бірақ көгілдір отын келген ауылдарда өрт оқиғасы сирек болады. Себебі бұрынғыдай газ баллон көтеріп жүрмейді. Оның үстіне бәрі қазан-аспайға да арнайы газ желілерін тартып алған. Отын тасып, көмір сатып алып әлек болмайды. Моншаға түсем десе де өз еркі. Ал көмір жағу үшін тамызық іздейді. Оған сіріңке тие кетсе болды ғой. Бірден лап ете қалады. Өшіріп үлгере де алмайсыз. Темекінің қалдығын арнайы қоқыс жәшігіне тастау қажет. Осыны заң аясында жүзеге асырса жақсы болар еді. Себебі қалалық жердің өзінде темекінің кесірінен өрт шығып, берекесі кеткен отбасылар да бар, - дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Сәрсенкүл Сәтбаева.

Жауапты департамент өкілдерінің мәліметінше, тұрғын үй секторын шолу кезінде халықты ақпараттандыру мақсатында өрт қауіпсіздігі ережелерімен пайдалы сілтемелерді оқу үшін QR кодтары бар ұсыныстар есептегіштерін ұсыну тәжірибесі енгізілдген. Бұқаралық ақпарат құралдарында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша 385 баяндама ұсынылған. Атап өтсек, теледидар арқылы – 10, баспа БАҚ арқылы – 137 және радио арқылы 238 түсіндірме жұмыстары жарияланған.

Жалпы облыста өткен жылдардың практикалық тәжірибесіне сүйене отырып, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне жөндеу және қайта жабдықтау үшін 358 бірлік сатып алынған. Оған қоса басқармада 141 бірлікті құрайтын қор бар. Бүгінде көміртек тотығы датчиктері мен түтін датчиктерін аудандар мен қалаларда орнату жұмыстары басталыпты. Бүгінгі күні 404 анықтау датчигі орнатылған. Нақтылап кетсек, Алакөл ауданында – 100, Көксу ауданында – 41, Панфилов ауданында – 38, Сарқан ауданында – 20, Қаратал ауданында – 270 және Текелі қаласында 30 арнайы құрылғы жұмыс істеп тұр.

Тұрғындарға газ анықтайтын сенсорды көрсеткім келеді. Бұл датчиктің бағасы 5 мың теңге көлемінде. Мәселен, облыста қазірдің өзінде 1 жағдай тіркеліп, 5 адам зардап шекті, оның ішінде – 4 бала. Сондай-ақ, барынша тиімді профилактикалық жұмыстарды жүргізуде көрнекі және әдістемелік материалдарды жетілдіру мақсатында тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі бойынша 150 мың сомасына ұсыныстар, сондай-ақ 51 мың сомаға парақшалар мен брошюралар сатып алынды. Біз өрт оқиғаларын болдырау үшін барынша ашық жұмыстар жүргізіп жатырмыз, - дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Сергей Огай.

Қазір мамандар жылыту маусымында әріптестерін белсенді жұмыс істеуге шақырады. Себебі жылу беру кезінде түрлі оқиғалар болуы әбден мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы