Жетісуда жылу жүйесі қайта жаңғыртылады

6 Ақпан 2025, 10:18
187
Бөлісу:
Жетісуда жылу жүйесі қайта жаңғыртылады
Фото: автордан

Облыс орталығындағы Абай, Дарабоз Ана, Қабанбай батыр, Балпық би көшелері қайта қазылады. Жылда жөндеу жасалатын көшелердің жолы ойылып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Абай көшесінде алтын бар ма? Қала әкімдігі неге жылда қаза береді? деген әзіл жетісулықтардың арасында жиі айтылады. Оған себеп те жоқ емес, Алматы облысының орталығы болып тұрған кезде де Талдықорғанның орталық көшесі жаз келе жабылатын. Құбыр жұмыстары әр жыл сайын жүргізілгенімен, ушыққан мәселе сейілер емес. Жылу жүйесінің мәселесі жылда кептеліс туғызып, халықтың ызасына тиеді.

Халық әр жыл сайын Абай, Дарабоз Ана көшелеріндегі құбырлардың жөндеу жұмыстарынан көз ашпай келеді. Үнемі жолды бұзып, жұмыс жүргізіліп жатқан көшелер жабылады. Нәтижесінде, кептеліс орын алады. Оған қайта дұрыс асфальт салынбайды. Жұмысқа асыққан тұрғындар басқа көшемен айналып өтуге мәжбүр болады. Осындай жөндеу жұмыстарының кесірінен қала жолдарының бәрі шұрық-тесік болды. Қайта-қайта тозығы жеткен құбырды жөндегенше, жаңасын салған әлдеқайда тиімді, - дейді қала тұрғыны Олжабай Ниязов.

Өткен ғасырдың 80-90 жылдарында салынған құбырларға кезекті өзгерістер енгізіледі. Мәселен, былтыр Гагарин, Алдабергенов, Қабылиса жырау, Жансүгіров, Қабанбай батыр көшелерінде жаңғырту жұмыстары мәресіне жетіп, жалпы ұзындығы 5,4 шақырымы қамтылған.

Қала әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, шаһарда 10 қазандық жұмыс істеп тұр. "Басқуат" жылу қазандығының жұмысын оңтайландыру мақсатында қосымша тағы "Оңтүстік-Батыс" ауданында жаңа кварталдық қазандықтың құрылысы басталған. Сондай-ақ, Жансүгіров көшесіндегі ұзындығы 3,4 шақырым, диаметрі 700 мм магистралды жылу жүйелері де жаңа жоба аясында жаңғыртылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы