Жетісуда жүз шақырым жарық желісі тартылды

Кеше, 21:04
123
Бөлісу:
Жетісуда жүз шақырым жарық желісі тартылды
Фото: автордан

Талдықорған қаласында ұзындығы 498 шақырымды құрайтын түнгі жарық желілері іске қосылды. Қазіргі күні 640 көшенің 420-сы жарықпен қамтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаланы толығымен түнгі жарық шамдарымен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен өз жалғасын табуда. Биыл 5 жобаға қажетті сома бөлініп, жалпы ұзындығы 111,3 шақырымды 213 учаскеге жарық диодты шамдар орнатылды.

Облыс орталығының төңірегі ғана жарықпен қамтамасыз етілген, ал қалған аудандар, саяжайлар тас қараңғы. Үнемі ұялы телефонның жарығын пайдалануға тура келеді. Ештеңе көрінбейді. Кешке сабақтан қайтатын балаларымызға алаңдаулымыз. Жарықты орнатылатыны жайлы дерек бар, бірақ іс жүзінде ешқандай жұмыс атқарылмаған. Бұл тек жарыққа ғана байланысты мәселе, басқа да айтылмаған, халықтың көкейінде жүрген наразылықтар жетіп артылады, - дейді қала тұрғыны Сәуле Толқынқызы.

Өткен жылы 3-бөлімшеге 630 жарық шамдары қойылып, тұрғын үй алабы толық жарықпен қамтылған болатын. Сондай-ақ, "Оңтүстік-Батыс" тұрғын үй алабындағы Еңбекші, Жетіген көшелерінде түнгі жарық жүйесі қараша айында өз мәресіне жеткен еді.

Қала әкімі Ернат Бәзілдің тапсырмасы бойынша жарыққа қосылмаған көшелер мен саяжайларды жарықтандыру үрдістері жүзеге асырылуда. Осылайша, қаланың "Хутор", "Батыс", "Шығыс" тұрғын үй аудандарымен қоса, 10 саяжай тұрақты түнгі жарық жүйесіне қосылмақ.

Қаланың түнгі келбеті ерекше болуы үшін жарықпен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүріп жатыр. Талдықорған – әсем шаһардың бірі болады деп сенемін. Алдағы уақытта соған сай қызмет етеміз, - дейді қала басшысы Ернат Бәзіл.

Атап айтқанда, Қаратал, Мерекелік, Ключи, Ащыбұлақ, Достық, Алмалы, Агропромышленник, Балықты, Шайқорған саяжайлары жанданады.

Өзгелердің жаңалығы