Былтыр 40 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғары көрсеткіш. Дегенмен өңірде әлі де мыңдаған маман жұмыссыз жүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
1,2 млрд несие берілген
Қазір өңірде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы осы мәселенің алдын алу шараларын қолға алуда. Ел Президентінің тапсырмасына сай «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілгені белгілі. Мұндағы мақсат халықтың әлеуметтік деңгейін көтеріп, жас мамандардыі бос жүрмеуін қадағалау. Осы бағытта өңірде өткен жылы 38,8 мың адам жұмыспен қамтылып, жылдық жоспар 123%-ға орындалған. Ал 2022 жылы 26,9 мың адамға жұмыс табылған. Нақтылап айтсақ, жұмыспен қамтылғандардың 74%-ы ұлттық жобалар мен бос жұмыс орындарына, 24%-ы жеке бастамалар бойынша («10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны»), 2%-ы – кәсіпкерлік бастамалар - гранттар, шағын несиелер шеңберінде жұмысқа орналасқан.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде белгіленген жұмыспен қамту көрсеткіштері толығымен орындалды. 8,3 млрд.теңге бөлініп, игерілді. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 17,8 мың адам қамтылып, оның 9,7 мыңы жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамтудың белсенді шаралары үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады (қысқа мерзімді оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру. Кәсіпкерлік бастамаларды дамыту бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға 400 АЕК көлемінде тегін мемлекеттік гранттар беріледі. 2023 жылы жалпы сомасы 302,2 млн. теңгеге 219 грант берілді, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Ермек Мизамбаев.
Оның айтуынша, грантқа ие болғандар арасында 129 адам көпбалалы отбасынан, 52 адам мүгедек баланы тәрбиелеп отырғандар, аз қамтылған отбасылар, асыраушысынан айырылғандар, 38 адам мүгедектігі бар азаматтар саналады. Бұл жоба халықтың әлеуметтік осал топтарына өз кәсіптерін ашып, өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік туғызып отыр.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап 35 жасқа дейінгі жастарға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5% құрайтын жеңілдетілген шағын несие беру бағдарламасы іске қосылған.
Біз бұл жобаның бюджеттік әкімшісі болып табыламыз. «Аграрлық несие корпорациясының» Жетісу облысы бойынша филиалы уәкілетті агент болып белгіленді. Несие беру шарттары - номиналды жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайды, максималды сомасы – 5 млн. теңгеге дейін. Шағын несие конкурстық комиссия шешімімен барлық бағыттарға - 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығына – 7 жылға дейін беріледі. Былтыр 12 комиссия отырысы өтті, 299 бизнес-жоба қаралды. Барлығы 269 адамға жалпы сомасы 1,2 млрд. теңге көлемінде шағын несие берілді, - дейді Е.Мизамбаев.
Біздегі мәліметке иек артсақ, жалпы ауыл шаруашылығына 967,9 млн.теңгеге 212 шағын несие берілген. Ал қызмет көрсету саласын дамытуға - 30 адам жалпы сомасы 146,0 млн.теңгеге шағын несие алған. Сауда саласына - 19 жобаны іске асыруға 92,1 млн.теңге бөлінген. Жеңіл өнеркәсіпке - 8 адам 9 млн. теңгеге шағын несиеге ие болған.
40 мыңға жуық адам жұмыссыз жүр
Биылғы «Өңірлік жұмыспен қамтудың 2024 жылға арналған картасы» аясында 33,5 мың адамды, оның ішінде 21,1 мың адамды тұрақты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» көрсеткіші бойынша жоспар 9,3 мың адамды құрайды. Сондай-ақ 1168 шағын несие беру көзделген. Өкінішке қарай, соңғы жарты жылдықта жұмыспен қамту 47,7%-ға ғана орындалған.
Жұмысқа тұру өте қиын. Мәселен менің мамандығым дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі. Қазір бұрынғыдай емес мектепте сағат саны өте аз. Мен сияқты мамандар өте көп. Былтыр жаңадан ашылған мектептерге конкурсқа түскеніммен өте алмадым. Жаңа маман болған соң, өздері қабылдайтын критерий бойынша балым аз болды. Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, азын аулақ ақша алып жүрдім. Олда қазір тоқтап қалды. Биыл менің мамандығым бойынша жұмыс орындары жоқ. Іздеп жатырмын, - дейді жас маман Арсен Ағатбаев.
Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 10,4 мың адам қамтылған. 19 мамандық бойынша 3 айға дейін қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылып, оқуға 633 адам жіберілген. Нақтылап айтсақ, аспаз - 127, шаштараз - 98, тігінші - 76, маникюрші - 55, кондитер - 48, электрик - 39, визажист - 38, дәнекерлеуші - 28, электр және газбен дәнекерлеуші - 22, тракторшы - 23, тігінші - 15, есепші – 13, косметолог – 13, кескіш – 10, автоэлектрик-электронигі – 10,0 кірпіш қалаушы – 6, сылақшы – 5, сырлаушы – 5, ЭЕМ операторы – 2. «Бастау Бизнес» бойынша 897 адам, оның ішінде 619 адам оқуды аяқтап, сертификат алған. «Электрондық еңбек биржасы» порталында онлайн оқытуға 1581 адам жазылған, оның ішінде 1485 адам оқуды аяқтап, сертификат алыпты. Субсидияланатын жұмыс орындарына 7,1 мың адам жұмысқа орналастырылған.
Мүгедектер де жұмысқа тұруы міндетті
Облыста халықтың нысаналы тобына жататын жұмыссыз азаматтарды, яки мүгедектерді, жастарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған әйелдерді жұмысқа орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері жұмыссыздардың осы санатынан 10,4 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 4,1 мың адам орналасқан. Мұндағы мүгедектер саны – 92. Осы ретте қолданыстағы заңнама аясында жергілікті атқарушы органдар құрылған.
Талдықорған қаласында 2 адам және Кербұлақ ауданында 1 адам мүгедектерге арналған 3 арнайы жұмыс орны құрылды. Олардың жалақысын ішінара субсидиялау мақсатында 11,1 млн. теңге бөлінді. Кәсіпкерлік бастаманы ілгерілету үшін гранттық қаржыландыру және шағын несиелеу жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылы гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізіліп, талапкерлердің өтініштерін қарау комиссиясының жұмысын онлайн-трансляциялау жүйесі енгізілді. Осыған байланысты ағымдағы жылы комиссия 2 ағынмен (маусым-шілде) жүргізілген тікелей эфирдегі жобаларды қарастыруда. Грант көлемі 400 АЕК – 1 476 800 теңге, - дейді басқарма басшысы Е.Мизамбаев.
Бүгінде бірінші лек бойынша комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 149,2 млн.теңгеге 101 адам көлемінде гранттар алу жобалары мақұлданған. Қазір гранттық комиссия екінші ағын байқауына қатысқан жобаларды сараптауда. Жастарға шағын несие беру 2024 жылдың екінші жартысында басталады деп жоспарланып отыр.
Жалпы, облыста 19 мыңнан астам мүгедектер тұрады. І топ – 1711, II топ – 7154, III топ – 6983, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 3253 бар. Оларды оңалтуға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр осы бағытта 4,1 млрд теңге бөлінген, оның ішінде МБ-дан 3 млрд теңге. Техникалық оңалту құралдарына мұқтаж мүгедектердің саны 15,5 мың адамды құрайды. Биыл соған орай 4,7 млрд теңге бөлінген.
Биыл әлеуметтік қызметтер порталына техникалық оңалту құралдарын алуға түскен өтініштердің саны 10,6 мың адамды құрады. Оның 8,3 мыңы немесе 78,6 пайызы қамтамасыз етілді. Өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін жөргектердің бір күндік нормасын ұлғайту туралы шешім қабылдаған болатын. Егер бұрын күнделікті норма күніне 2 жөргек болса, қазір ол тәулігіне 4 памперске дейін өсті. Жеке оңалту бағдарламасы бойынша 730 дана орнына 1460 жөргек шығарылды, - дейді Е.Мизамбаев.
Оның айтуынша, Кодексте бірінші топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін отбасы мүшелері жеке көмекші ретінде жұмыс істей алады. Оларға жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен зейнетақы жарналары төленеді.
Әлеуметтік қызмет көрсетудің маңызы мол
Тағы бір айшықты жайт – санаториялық-курорттық мекемелердің ақыл-ойы бұзылған мүгедектердің балаларын ертіп жүретін тұлғаларға қолжетімділігі мәселесінің оң шешімін табуы. Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың бірі – қолжетімді орта құру және әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды бейімдеу.
Қазіргі таңда облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 1566 орындықты 13 мекеме бар. Оның 6-ы стационарлық, 7-уі жартылай стационарлық. Орталықтар арнаулы әлеуметтік қызметтердің 8 түрін (әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық) көрсетеді. Бүгінгі таңда 1389 адам арнаулы әлеуметтік қызмет алады.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін 1 119 нысанды бейімдеу жоспарланған. 2021-2023 жылдары барлығы 460 нысан бейімделді. Былтыр 168 нысанға 477,4 млн.теңге бөлінді. Атап айтсақ, білім беру – 85, денсаулық сақтау – 17, мәдениет – 29, спорт – 4, әлеуметтік – 4, мемлекеттік мекемелер – 29. Бұл нысандардағы жұмыстар толығымен аяқталды, - дейді «Amanat» партиясының Жетісу облыстық филиалының төрағасы болып Арыстанғали Арын.
Биылға 168 нысанға 591,8 млн. теңгеге қаражат бөлініп, бейімдеу жоспарланған. Нақтылай кетсек, білім саласы 94 нысанға 348,5 млн. теңге, денсаулық сақтау 37 нысанға 169,1 млн. теңге, округ әкімдіктері 18 нысанға 54,4 млн. теңге, спорт 6 нысанға 14,2 млн. теңге, мәдениет 9 нысанға 3,9 млн. теңге, әлеуметтік сала 2 нысанға 1,7 млн. теңге, басқа салаларға 2 нысанға 3256 теңге қарастырыған. Бүгінгі күнге аудан, қалаларда 168 нысанның ішінде 63 нысанда бейімделу жұмыстары аяқталған. 86 нысанда бейімделу жұмыстары жүргізіліп жатса, 17 нысанда мемлекеттік сатып алу арқылы конкурстар жарияланған.
Жыл басынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті келіп түскен өтініштер бойынша жеке тұлғаларға қатысты 42 тексеру жүргізді, оның ішінде: 8 профилактикалық бақылау және 29 мемлекеттік мектеп пен 5 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде тексеру объектілеріне қатысты 8 ұйғарым шығарылды. 30 әкімшілік іс қысқартылған түрде қозғалып, қаралды. 3 415,1 мың теңге айыппұл толығымен бюджетке өтелді. Оның ішінде 5 шағын кәсіпкерлік субъектісіне 1107,6 мың теңге айыппұл салынды, - дейді Е.Мизамбаев
Аудан мен қала әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің жанынан арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 24 бөлім жұмыс істейді. Онда бүгінде 2,1 мың адам қызмет алуда. Оның ішінде: 11 бөлімшемен 732 бала және психоневрологиялық аурумен ауыратын 18 жастан асқан тұлғалар, 13 бөлімшемен жалғыз тұратын 1351 жалғызбасты және қарт және мүгедектер қамтылған. Жыл сайын мұқтаждарды арнаулы әлеуметтік қызметтермен толық қамту мақсатында үкіметтік емес ұйымдар арасында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жарияланады. Осы күні 11 үкіметтік емес ұйыммен келісім-шарт жасалып, 313 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді.
Қазір 16 балабақша тексерілуде. Екінші жартыжылдықта жүрігізілетін тексерулер жоспарына 2023 жылы тексерістен өткен 4 сауда үйі қайтадан енгізілген. Одан бөлек облыста «Инватакси» қызметінің жұмысы жолға қойылған. Бұл жобаны 8 үкіметтік емес ұйым жүзеге асыруда. Былтыр жергілікті бюджеттен 293,4 млн. теңге қарастырылып, 11 жаңа «Инватакси» автокөлігі аудандық және қалалық бөлімдерге жіберілген.
«Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры демеушілік көмек ретінде 3 жабдықталған «Инватакси» автокөлігін берді. Нәтижесінде инватакси саны облыста 1 жылдың ішінде 2 есеге артты. Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде алғаш рет Талдықорған қаласында «Мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жүріп-тұру құралдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету» жобасы іске асырылып, оң нәтиже берді. Барлығы 435 кресло-арба жөнделді. 2024 жылы бұл жұмыстар облыс көлемінде жалғастырылатын болады, 6,7 млн.теңге бөлінді. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде, - дейді басқарма басшысы.
Осы ретте айта кетейік, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру мақсатында былтыр облыста 15 төсек-орынмен қамтылған «Жанұя» «Отбасын қолдау орталықтары» үш ауданда ашылған. Сол үшін бюджеттен 222 млн. теңге бөлінген
Бұл орталықтарда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға, соның ішінде көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіледі.
2024 жылдың басынан бұл орталықтарға қиын өмірлік жағдайға тап болған 56 отбасы жүгініп, оларға жан-жақты көмек және арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілді.2024 жылы мұндай орталықтар Алакөл, Кербұлақ, Қаратал аудандарында, 2025 жылы – Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарында ашылады. 2024 жылы жаңа «Отбасын қолдау орталықтарын» ашуға 180 млн. теңге бөлінді, - дейді А.Арын
Талдықорған қаласында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Талдықорған қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен ҮЕҰ арасында ағымдағы жылдың мамыр айында 31,5 млн. теңгеге келісім-шарт жасалған. Бүгінде орталыққа 149 адам жүгініп, 204 қызмет түрі ұсынылған.