Жетісуда жастар жаз кезінде жұмыспен қамтылады

25 Маусым 2024, 20:05
348
Бөлісу:
Жетісуда жастар жаз кезінде жұмыспен қамтылады
Фото: автордан

Облыс орталығында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының маусымдық жұмыстары бастау алды. Олар шілде айының басынан бастап, жұмысқа кіріседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Табиғатты таза ұстау, қаланың қоқыстан құтқару жұмыстары үлкен күшті талап етеді. Арнайы қызметкерлердің оған толықтай шамасы жетпейді. Сондықтан Жасыл ел жастарының көмегі ауадай қажет. Былтыр да мыңға тарта жас осы мақсатта жұмыла жұмыс істеп, халықтың алғысын алған еді. Оларға арнайы еңбекақы да төленеді.

Әр жас өз елінің патриоты болуы шарт. Мен былтыр да Жасыл ел қатарынан табылып, үлкен кісілердің алғысын алған едім. Биыл да сол мүддеден шықсам деген ойдамын. Достарыммен бірлесіп еңбек етуге дайынмын. Біз жастар осылай еңбек ету арқылы, өзіміздің көрсете аламыз. Қазір осында жұмыс істеуге асық жастар көп. Мен былтырғы достарымды көріп, қуанып отырмын. Халықтың алғысына ештеңе жетпейді, - дейді жасақ мүшесі Арсен Атымбай.

«Жасыл ел» еңбек жасақтары айналаны көгалдандыруға, облыс, қала, аудан, ауыл ішіндегі көшелерді тазарту жұмыстарын жүргізеді. Одан бөлек спорттық кешендер мен өзен жағалауларын қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға да күш салады. Жалпы еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосады. Бұл бағытта жұмыс күшінің маңызы зор.

Мұнда тек жастарды жұмысқа салу емес, табиғатты қорғап, елге-жерге деген құрметін арттыруды басты мақсат етіп отырмыз. Жұмыс аса ауыр емес, жастар барынша еркін қызмет көрсетеді. Әрине, тәртіпке бағынғаны абзал. Арнайы іріктеп алғанна соң, әрбір жастың еңбегі бағалаусыз қалмайды. Шағын көшелерді де таза ұстау маңызды. Бұл өңір экологиясына жақсы әсер етеді әрі халықты тазалыққа жетелейді, - дейді жетекші Арман Серпінов.

Өзгелердің жаңалығы