Жетісу облысы Алакөл ауданының прокуратурасы 3,5 мың баланы сынапты қалдықтардан қорғады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Жетісу облысы Алакөл ауданының прокуратурасы білім беру мекемелерінде қауіпті қалдықтарды пайдалану, сақтау және кәдеге жарату кезінде заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді.
Санитарлық қағидаларға сәйкес, істен шыққан сынапты лампалар оқушылар қол жеткізе алмайтын жеке бөлмеде сақталуы керек, оларды қоқыс жәшіктеріне тастауға жол берілмейді (ҚР Денсаулық сақтау министрінің 05.08.2021 ж. №76 бұйрығы).
Талдау барысында бірқатар мектептер мен мемлекеттік балабақшаларда 436 дана істен шыққан сынапты лампа ұзақ уақыт бойы қарастырылмаған орындарда: қоймалар мен жертөлелерде сақталғаны анықталды. Бұл оқушылар мен қызметкерлердің денсаулығына тікелей қауіп төндірді. Қадағалау актісінің қаралу нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар толығымен жойылды: қауіпті қалдықтар белгіленген тәртіппен шығарылды. Осылайша, 3 458 азаматтың, оның ішінде 2 947 оқушының және 511 қызметкердің құқықтары қорғалды, – делінген Жетісу облыстық прокуратура хабарламасында.
Жетісу облысының прокуратурасы балалардың қауіпсіздігін және олардың салауатты ортаға конституциялық құқығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырады.