Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облысы тұрғындарының ауызсуға қолжетімділік проблемасын көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, таза ауызсудың тапшылығы мен су құбырлары желілерінің тозуы өңір халқының өмір сапасына елеулі әсер етіп отыр.
2023-2025 жылдары облыста жалпы соммасы 25,9 миллиард теңгені құрайтын 4 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы, 15 елді мекенде ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлаған. Осы жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен 13,6 млрд теңге бөлу туралы ұсыным жіберілген, - деп атап өтті сенатор.
Алайда, республикалық және жергілікті бюджеттен республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаражаттың қосымша түсімі есебінен Ұлттық қор мен республикалық қазынадан бар болғаны 8 жобаға 2,5 миллиард теңге бөлінген.
2025 жылы Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов аудандарының 7 елді мекенінде, Талдықорған және Текелі қалаларында сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту және салу жұмыстары басталған. Бүгінгі күні жобалар ішінара жүзеге асырылуда және қосымша қаржыландырусыз жұмыстардың тоқтап қалу қаупі бар, - деді Ғалиасқар Сарыбаев.