Былтыр өңірдегі спорттық инфрақұрылым көрсеткіші 52,8%-ды құраған. Қазір білім беру мекемелерінде жалпы 45435 ш.м спорт зал қажет. Залдарының тапшылығы – 10456,1 ш.м жеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спортқа 4 млрд-қа жуық қаржы бөлінген
Өңірде спорт кешендерінің тапшылығы анық байқалуда. Биыл Жетісудан олимпиада ойындарына 3 спортшы аттанды. Оның өзі байырғы дәстүрлі қазаққа тән спорт түрлерінен емес. Қазір ауылдаррда заманауи спорт кешендерін салу жұмыстары қолға алынуда. Мәселен, өткен жылы мың адамға шаққанда спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілуі көрсеткіші 52,8%-ды құрады. Арнайы білім ордаларында спорттық залдардың аздығы байқалған.
Осы ретте спорттық залдарға тапшылықты жою мақсатында жергілікті бюджеттен 9 спорттық нысан құрылысына 3,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға қала мен аудандарда арнайы спорт кешендері салынады.
Облыста дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 1046 бірлік спорттық құрылымдар бар. Оның ішінде дене шынықтыру спорттық мәндегі нысандар (ДШМ) – 363, білім беру ұйымдарда (БҰ) -601, спорт мектептерде (СМ) – 82. Нақтылап айтсақ, ауылдық жерде - 700, жеменшік – 20. Соның ішінде 13 стадион, 3 спорт сарайы, 4 спорттық құрылымдар кешені, 26 спорт кешені бар. Оның 5-еуі дене шынықтыру-сауықтыру кешені саналады. Одан бөлек 2 шаңғы базасы, 7 атыс тирі, 17 хоккей корты, 943 жазықтық құрылым, 11 теннис корты, 1 ипподром, 18 бассейн тіркелген. Қазіргі таңда 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданыста. Панфилов ауданының Жаркент қаласында, Алакөл ауданының Үшарал қаласы мен Достық ауылында, Көксу ауданының Балпық би ауылында, Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында орналасқан, - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына» және жыл сайынғы халыққа Жолдауындағы тапсырмаларды орындау мақсатында әрі бұқаралық-спорттық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес бірнеше нысанның құрылы жүріп жатыр.
Лепсідегі көп күттірген спорт кешені
Басқарманың бізге берген мәліметіне сүйенсек, осы жылы Текелі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешеннің және Қаратал ауданы Көпбірлік ауылында блокты-модульды спорттық кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілген. Одан бөлек облыс орталығындағы орталық стадионның қайта жаңғырту жұмысының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталыпты.
Сондай-ақ, волейбол спорт түріне арналған оқу-жаттығу спорттық кешені де іске қоысалды. Бүгінде, Үшарал қаласында және Сарқан ауданына қарасты Алмалы ауылдарындағы спорт кешендердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Қаратал ауданындағы Тастөбе ауылында блокты-модульды спорттық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, жеке инвестор есебінен Талдықорған қаласында спортшыларға арналған 40 орынды жатахқана және үстел теннис орталығының құрылысы қарқынды түрде жүргізілуде. «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен ангар типтес 2 спорттық нысандардың құрылысы жүріп жатыр. Олар Панфилов ауданы Көктал және Ақсу ауданы Қапал ауылдарында салынуда. Биыл Үштөбе мен Сарқан қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің және Талдықорған қаласындағы мектеп-интернат-колледждің жанына 50 орынды монша және кір жуатын бөлме құрылысы және Алакөл ауданы Лепсі ауылындағы ДШСК-нің қазандығын салу жоспарлануда, - дейді Ұ.Рысқұл.
Лепсі ауылы дегеннен шығады, ондағы спорт кешенінің құрылыс жұмысы жүріп жатқанына бірнеше жыл болды. Жаһандық пандемия кезінде басталған нысанның жұмысы 50 пайызға да жетпейді. Қазір мердігер компания жұмыс істеп жатыр.
Лепсі ауылы таудың етегінде орналасқан, табиғаты көркем. Спортпен айналысамын деген азаматтарға таза ауа, тұмса табиғат дайын тұр. Осыны айтып, арнай үлкен спорт кешенің салуды ұсынғанбыз. Ұсынысымыз қабыл болғанымен жұмысы әлі бітер емес. Қаншама жыл өтті. Бір тоқтап, бір басталып тұр. Мердігер ақшаның толық бөлінбегенін айтады. Келер жылы іске қосылса да жақсы болар еді. Спортқа әуес қаншама жастар жүр. Соларға үлкен көмек болар еді, - дейді ауыл тұрыны Есенбек Әбітәліп.
Қысқы спортқа да көңіл бөлінсе
Жетісуда қысқы спортқа барынша жағдай жасалса деген ел тілегі бар. Мәселен бір Текелінің өзі қысқы спорт түрлерімен айналысуға жайлы мекен. Алдынғы жылы Ел президенті Жетісуға келгенде осы мәселені ортаға салған еді. Мемлекет басшысың тапсырмасына сай шаңғы-биатлон спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттары әзірлененіп жатыр.
Текелі де тек биатлон ғана емес, сноуборд, шаңғымен секіру, конькимен сырғанау, мәнерлеп сырғанау, людж, скелетон, бобслей секілді тіпті қар көліктерін айдау спорт түрлерін дамытуға болады. Таудың іргесінде орналасқандықтан қар қалың жауады. Оның үстіне тауға есруендеп келуші туристер көп. Қысқы туризмдіде қатар алып жүруге болады. Ел жастары қыста арнайы клеіп таудың аусымен демалып, спортпен шұғылданса керемет емес пе? Бізде осы жағынан қалыс қалып келеді. Тіпті әуесқой спортшылар да жоқ, - дейді моноқала тұрғыны Александр Крутой.
Қараңыз, шаңғы-биатлон кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттаманың әзірлеу құны 128,8 млн. теңге жұмсалған. Былтыр сол қаржының 10 млн теңгесі игерілген. Жобалаудың нормативтік мерзімі бір жылдан асады. ЖСҚ әзірлеуді аяқтау мерзімі осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін көзделген.
Бүгінгі таңда жобалау ұйымы эскиздік жоба әзірледі, топография мен геологиялық ізденістері дайын тұр.. Архитектуралық шешімдер, темірбетон конструкциялар), бас жоспар әзірленіп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары шамамен құны 15-17 млрд. теңгені жұмсалмақ.
Облыста ведомстволық бағынысты спорт мекемелерінің жалпы саны 39 бірлікті құрайды. Атап айтсақ, 25 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі. Онда 24036 спортшы шұғылданады. 6 кәсіби клуб бар. Олар: «Олимп» регби клубы, «Жастар» спорттық клубы, «Жетісу» футбол клубы, «Жетісу» волейбол клубы, ұлттық спорт түрлерінен «Жетісу» клубы және «Жетісу» хоккей клубы. Одан бөлек 2 мектеп-интернаттары орналасқан. Талдықорған қаласындағы Ж.Үшкемпіров атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжін, Олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен облыстық жоғары спорт-шеберлік мектептерін, Олимпиадалық резервті даярлау орталығын, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығын, «Намыс» барлық түрлері бойынша спортты дамыту дерекциясын, бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу орталығын айтуға болады, - дейді басқарма басшысы.
Халықтың 8,9 % ғана ұлттық спорт түрлерімен айналысады
Биыл бірнеше елді мекенде 5 блокты-модульды спорттық кешендердің құрылысы басталады. Атап айтсақ, Алакөл ауданында 1, Ескелді ауданында 3, Кербұлақ ауданында 1 жаңа нысан бой көтереді. Одан бөлек жергілікті бюджеттен 4 спорттық нысанының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге 145,7 млн.теңге қаражат бөлінген.
Бұл қаржы Алакөл ауданындағы Кабанбай ауылына 80 орынды спорттық кешеннің құрылысына; Көксу ауданындағы Талапты ауылына 50 орынды спорттық кешеннің құрылысына; Талдықорған қаласында мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арналған спорттық кешеннің құрылысына; Текелі қаласында шаңғы-биатлон спорт кешеннің құрылысына жұмсалады.
Салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс қалалары мен аудандарында облыс бойынша спорт түрлері бойынша спартакиадалар, турнирлер, біріншіліктер өтіп тұрады.Қазіргі уақытта облыста 865 дене шынықтыру және спорт ұжымы бар. оларда 273669 адам спортпен шұғылданады. Бұл дене шынықтыру және спортпен айналысатын облыс халқының 39,2 пайызын қамтиды. Облыста ұлттық спорт түрінен 847 секция бар. Оларда 24486 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Оның ішінде 16655 ауылды жердегі адамдар. Ұлттық спорт түрлерімен айналысатын халықтың үлесі - 8,9 % құрайды, - дейді жаттықтырушы Алмат Көпбосынов.
Ұлттық спорт демекші, биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облыс тарапынан «Бірлік керуені» жобасының «Аймақтық керуен» бағыты бойынша қатысушылары іріктелген. Қазір қатысушылармен насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Бірлік керуені» жобасының қатысушылары: Батыр - Руслан Абдыразаков. Ақсақал- Келемсейіт Ермек. Ұлттық спорт түрлерінің спортшылары-Жақан Аружан, Алдухан Ербол, Алыбаева Гулдана. Ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушы – Имангалиев Ерлан, Шиырбай Ержан, Омаров Жандос. Журналист-Тұрғанбай Ришад. Бейнеоператор-Қазтұрғанов Қайрат. Қоғамдық пікір көшбасшылары – Әрін Әмір барады. Көшпенділер ойынына облысымыздан қазақ күресі спорт түрінен 2 спортшы қатысу жоспарлануда. Олар Бекжан Төлепов пен Ақнур Асылбекова.
Бүгінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының аясында облысымыздың аудан, қаларында ұлттық спорт түрлерінен әр түрлі спорттық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Аудан, қала және ауылдық жерлерде тоғызқұмалақ, асық ату сайыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазір өңірдегі жастар спортпен белсене айналысуда. Облыс екіге бөлінгеннен кейін тәжірибелі мамандардың көбі Алматы облысына кетіп қалды. Қазір өңірді білікті жаттықтырушылар керек, - дейді спорт журналисі Ришад Тұрғанбай.
Мүгедек спортшыларға мүмкіндік беру керек
Өңірде мүгедек спортшыларға арналған спорт түрлері бойынша айналысатындардың саны 1386 адам бар. Жалпы спортпен айналасуға қарсы көрсетілімі жоқ мүгедектер саны 13,3%-ды құрайды. Жарыстарда жақсы нәтиже көрсеткен үздік 48 спортшы Жетісу облысы әкімінің қаулысына сәйкес ай сайын ақшалай сыйақысын алады. Қазір спорт түрлерінен 57 аккредиттелген федерациялар жұмыс істейді.
Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына сәйкес, облыс аумағында спорт түрлері бойынша спартакиадалар, турнирлер және біріншіліктер өткізіледі. Жыл басынан спортшылары барлық деңгейлі жарыстарда 914 медаль жеңіп алды.6 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 33 спорт шебері, 601 спорт шеберіне үміткер және 199 бірінші разрядты спортшы дайындалды. Париждегі ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына садақ атудан облыс спортшылары Абдулин Ильфат, Еременко Александр, Жанбырбай Дәулеткелді, велоспорттан Евгений Федоров және дзюдодан Камила Берліқаш қатысуда. Оларжеңіспен оралады деп үміттенеміз, - дейді Ұ.Рысқұл.
Жарыстарда жоғары нәтижелер көрсеткен үздік 214 спортшыға 55 мың теңгеден 443 мың теңгеге дейін ай сайын ақшалай жабдықталым төленуде. Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV жазғы Пара Азия ойындарына Жетісу облысынан 4 спорт түрінен 14 спортшы қатысқан. Аталған жарыста пара пауэрлифтинг спорт түрінен Койшибаева Раушан күміс медаль және Хамаев Рахметжан қола медаль иеленген.
Ал биыл Астана қаласында бокстан 22 жасқа дейінгі және жастар арасындағы Азия чемпионаттында облыс спортшылары 2 алтын медаль иеленген.Ташкент қаласында өткен жеңіл атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында ашық орталық Азия чемпионаттында облыс спортшылары 1 алтын, 2 қола медаль алып келген.
Биыл Шанхай қаласында садақ атудан Әлем кубогы өтті. Аталған жарыс қорытындысы бойынша облыс спортшылары Жексембинова Аделя, Сейдахметова Айжан командалық қола медаль иеленді.дзюдодан Душанбе қаласында (Тәжікстан) әлемдік Grand Slam жарысы өтті. Жарыс қорытындысы бойынша дзюдодан Қазақстан Республикасының құрама командасының құрамында Жетісу облысының спортшысы Дархан Қойбағар қола медальға ие болды.Иордания мемлекеті астанасы Амман қаласында еркін күресінен U-23 ерлер арасында Азия чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша облыс спортшысы Айтбеков Әкежан және Мырзағалиев Рустем күміс медаль иеленді, - дейді басқарма басшысы Ұ.Рысқұл.
Жалпы Алматы облысы екіге бөлінгеннен кейін көп спорт түрлеріне команда жинау қиынға түсті. Қазір осы мәселе күрделі болып тұр. Тәжірибелі спортшыларды тарту өте қиын. Олардың пәтерін, жалақысын шешу жолдары қаралуда. Одан бөлек спорт залдарының аздығы ауылдағы спорттың тоқырауына негіз болып тұр.