Жетісуда шомылу маусымында қаза тапқандар азаймай тұр

12 Тамыз 2024, 16:51
526
Бөлісу:
Жетісуда шомылу маусымында қаза тапқандар азаймай тұр
Фото: автордан

Жетісуда былтырдан бері онға жуық демалушы суға кетіп, қаза тапқан. Құтқарушылар қанша ескерткенімен туристер тыңдамайды. Мұны бізге ТЖД Алакөл ауданы құтқару бөлімшесінің басшысы Марат Смағұлов айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

-Марат Әбішұлы, шомылу маусымында оқыс оқиғалар жиі болады. Биылғы көрсеткіш қандай?

Бұл жерде көбіне жауапкершілікті демалушының өзі сезінуі қажет. Демалушылар ереже сақтамайды. Біз жауапты маман ретінде қолымыздан келгенін аянбаймыз. Жаз бойы жұмыс өте қауырт болады. Әріптестеріміз шамылу маусымы басталмай тұрып арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Тіпті алыстан келген қонақтарға сақтық концепциясын барынша түсіндірдік. Сонда да адам өлімі тіркеліп жатыр. Биыл 3 адам қаза тапты, былтыр да 4 адам осындай жағдайға душар болған. Ал өңір бойынша өткен жылдан бері ондаған азамат суға батып кеткен. Мұндағы басты себеп демалушылардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы. Күніне мыңдаған адам су ішінде жүреді. Олардың әрқайсысын күзету мүмкін емес. Тәртіпке бағынбағандар өміріне өзі балта шабады. Кейде абырой болғанда демалушылар суға кеткен адамды байқап қалып, көмекке шақырады.

-Тәртіп деп қалдыңыз, сонда демалушылар жиі заң бұзады ма?

Енді қараңыз, ішімдік ішкен адам әртүрлі әрекетке баруы мүмкін. Жұмыстан арнайы демалыс алған соң, қызық қуғысы келеді. Мастықтың әсерінен тыйым салынған жерлерге суға түседі. Жабайы жағажайларға асығады. Біз қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін тәртіп сақшыларымен бірге суға түсуге болмайтын аумақты жиі тексереміз. Өкінішке қарай ескерту қағаздарын беріп, арнайы рейд жүргізсек те елемейтіндер өте көп. Соның салдарынан арты қайғылы оқиғаға ұласады. Жағажайға белгіленген сызықтан асып, орта тұсына қарай жүзіп барып, жағалауға жете алмай қалады. Аяғы тартылып не ауа жетпей көмекке шақырады. Алакөл де, Балқаш та тұзды су болған соң қысым жоғары. Тұрғындар соны біле бермейді. Адамға жүзу барысында ауа жұту өте қиын. Әсіресе балаларды көзден таса қылмау қажет. Біз көлдің бетін үнемі бақылауда ұстаймыз. Дегенмен түнде келіп түсетіндер бар. Қараңғыда әртүрлі оқиғалар болуы ғажап емес.

-Бала дегеннен шығады, биыл баласын қараусыз қалдырған ата-аналарға айыппұл көп салынған деседі...

Иә, оныңыз рас. Шыны керек, көбіне ата-аналар өздері бөлек демалып, баласының не істеп, не қойып жатқанына мән бермейді. Адам көп, баланы бір сәт көзден таса қылсаңыз дереу іздегеніңіз жөн. Ал біздікілер қайтеді, табылып қалар деп демалысын жалғастыра береді. Қазір ең өзекті тақырып осы болып тұр. Мәселен, өңірде мыңнан астам адамға ауызша ескерту жасалса, 40-қа жуық адамға құқық бұзғаны үшін айыппұл салынған. Оның 10-ы баласын су жағалауында қараусыз қалдырған ата-ана. Балаларды қараусыз қалдырған ата-аналарға әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады. Әрине, алдымен ескерту жасаймыз артынан айыппұл арқалайды. Ескертуді, көз алдында жазылып тұрған сақтық жазуларын ұқпайтындар да бар.

-Осы ретте, жұмыс барысы жайлы айта кетсеңіз? Қанша адамның өмірін аман сақтап қалдыңыздар?

Балқаш пен Алакөл көлі туризм орталығы ғана емес, емдік қасиетке ие шипалы көлдер қатарына жатады. Бірі – Сарқан ауданына, бірі – Алакөл ауданына қарайды. Мысалы, Балқаш көлі жағажайында Сарқан өңірінің жедел құтқару жасағы қызмет етеді. Оның құрылғанына 40 жылдай болды. Осы күні жедел құтқару жасағының құрамында 15 құтқарушы, 1 медбике жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан қарастырылған камаз – 1, уаз автокөлігі – 2, нива-пикап – 1, қар күрейтін автокөлік – 1, боранға арналған автокөлік – 1, 8 қайық және 1 кемеміз бар. Бұлардың бәрі демалушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған. Ең бастысы, әрбір маман су астына түсетін арнайы құрылғымен қамтамасыз етілген. Бүгінде жедел құтқарушы жасағында арнайы құрал-жабдықтар жеткілікті. Жаз басталғалы бері 13 бала мен 26 ер-азамат құтқарылды. Көбіне мектеп оқушылары көмек сұрайды.

-Сіздер тарапынан, маусымға дайындық қалай жүреді?

Көбіне жауапкершілік бізге ауған соң, шомылу маусымы басталмай тұрып әбігерге түсеміз. Әрбір демалыс аймағын бақылауға аламыз. Балаларды ата-анасынсыз жағалауға жақындатпауға тырысамыз. Көлге барар жолдарға арнайы билбордтар ілеміз. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында түрлі іс-шара өткіземіз. Қараңыз, Ақши және Көксу елді мекендеріндегі мектептерде20-ға тарта дәріс, 15 бейнефильм көрсетілді. Тұрғындармен 20 жиын ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мыңнна астам брошюра, 330 парақша және 1500 данаға жуық жадынама таратылды. Біз өз тарапымыздан барынша қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп жатырмыз. Өкінішке қарай, демалушылар көбіне немқұрайлы қарайды. Бақылауды барынша күшейтуге тырысамыз. Әсіресе, кешкі уақытта.

-Нақты бекетілген ережелер қандай?

Алдымен демалушы ресми рұқсаты бар жерлерде шомылуға міндетті. Одан кейін алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін білгені абзал. Бұл өзі үшін де маңызды дүние. Алкоголь тұтынған адамға суға түсуге болмайды. Содан соң жүзіп келе жатқанда катерлер мен қайықтарға жақындамаған жөн. Себебі түрлі жарақат алуыңыз мүмкін. Сосын секіріп сүңгуге болмайды. Бір-бірін суға батырып не аласып ойнауға тыйым салынады. Өтірік сигналдар беріп, демалушылардың қорқытуға болмайды. Ата-аналар баласын қасында ұстауы қажет. Үрлемелі матрастармен суға түскенде барынша абай болған дұрыс. Белгіленген сызықтан асып кетпеуі шарт. Адам қанша жүзу білсе де ажал деген аяқ-асты келетінін ұмытпаған жөн.

-Жағалаудағы қоқыстар жайлы не айтасыз?

Бұл енді біздің құзыретімізге кірмейді. Бірақ сол жердің азаматы ретінде бір байқағаным демалушылардың ішкі мәдениетінің төмендігі білінеді. Қаншама адам демалып жатыр, қоқысын жағалауға лақтырып кете береді. Қоқыс жәшіктері көлік жүретін жерге арнайы орналастырылған. Соған жинап апаруға ерінеді. Тастаған қоқыстың соңынан аңдып отыру мүмкін емес. Көрген адамдарға айыппұл салынады. Сонда да азаяр емес. Біз өз тарапымыздан барынша ескертеміз. Суға түсер кезде де арнайы киім киюді міндеттейміз. Бірақ оның бәріне құлақ аспайды.

Өзгелердің жаңалығы